Абай облысында бірқатар жолда орташа жөндеу аяқталды

Бүгін, 16:25 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚазАвтоЖол

Абай облысындағы «Семей–Қайнар» және “Қарағанды-Аягөз-Боғаз-Тарбағатай” тас жолдарының ең күрделі бөліктеріне орташа жөндеу аяқталды. Тас жолдардың жаңаланған аралығы салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

“Семей-Қайнар” автомобиль жолының 86–111 шақырым аралығында орташа жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар жол жиегін жабу және нығайту, жүріс бөлігін белгілеу жұмыстары орындалды. Соңғы 5 жылда аталған жолдың 184,5 шақырымында орташа жөндеу жұмыстары атқарылды. Республикалық маңызы бар «Қарағанды–Аягөз–Тарбағатай–Боғаз» автомобиль жолының 497–528 шақырым аралығында да орташа жөндеу аяқталған.

Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін аталған учаскелерде ірі жарықтар, шұңқырлар және тегіс емес жерлер көп болып, көлік ағынына кедергі келтірген еді. 

Жалпы осы жылы Абай облысында “ҚазАвтоЖол” ұлттық компаниясының тапсырысымен республикалық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жалпы ұзындығы 258 шақырым болатын 10 нысанда орташа жөндеуден өткен. Қазіргі таңда 239 шақырымында асфальт жабыны төселіп, 7 нысан пайдалануға берілді.

- Өңірде жөнделіп жатқан жолдар бірнеше мәрте “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” тарапынан тексеріледі. Биыл да облыс жолдарына жасалған жұмыстарды жіті назарда ұстадық. Табылған ақауларды дер кезінде жоюға мердігер мекемелерге нұсқама беріліп отырды. Нәтиже жаман емес. Жаңғыртудан өткен республикалық, халықаралық трассалар болды. Орташа жөндеу жұмыстары да қарқынды атқарылды. Жұмыс сапасы үнемі біздің мекеменің назарында - дейді “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” Абай облыстық филиалының директоры Мейіржан Бауыржанұлы.

Тэгтер:

сапа Абай облысы жол жөндеу Семей–Қайнар