Астанадағы стоматологияда баланың өліміне қатысты істе сот үкімі шықты

Бүгін, 09:25 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Елордадағы анестезиолог-дәрігер Аида Жұмағалиева үш жасар қыздың өліміне кінәлі деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 3 жыл бойы медицина саласында жұмыс істеуге тыйым салынды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Алайда сотталған дәрігер бостандықта қалады.

«2025 жылғы 23 маусымдағы “Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 33 жылдығына байланысты амнистия туралы” Заңының 2-бабы 1-тармағына сәйкес Жұмағалиева Аиданы негізгі жазаны өтеуден босату. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін Жұмағалиева тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке тұру үшін келсін», – деді судья Қажымұқан Мекемтас.

Жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот Жұмағалиеваның екі кәмелетке толмаған баласының барын, жұмыс орнындағы оң мінездемесін және бұрын сотты болмағанын ескерді.

«Бұл қылмыс абайсызда жасалған және онша ауыр емес қылмыстар санатына жатады», – деп қосты сотта.

Сот қаулысына сәйкес, қыздың әкесінің пайдасына моральдық зиян үшін 500 мың теңге өтемақы өндірілуі тиіс. Сондай-ақ сотталған адамды Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 36 920 теңге төлеуге міндеттеді.

Істің мән-жайын еске салсақ: үш жасар қыздың ата-анасы баласының тісі ауырғанына шағымданып, жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген. Тексеру барысында 11 тістің зақымданғаны анықталған.

«Қабыну процестері мен қолайсыз зертханалық көрсеткіштерге қарамастан, Жұмағалиева жалпы седациямен ұзақ уақытқа созылған стоматологиялық ем жүргізуге жол берген. Процедура барысында севофлуран маска арқылы 4,5 сағат қолданылған, емді стоматолог А. жүргізген. Анестезиологиялық қамтамасыз ету кезінде талапқа сай келмейтін тыныс алу контуры пайдаланылып, өкпені жасанды желдету аппаратымен синхрондау болмаған. Бұл өкпенің минуттық желдетілуінің төмендеуіне, жедел гипоксияға, мидың ісінуіне және соның салдарынан науқастың өліміне әкелген», – деп мәлімдеді сотта.

Анестезиолог өз кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұраған.

Ал үш жасар қыздың ата-анасы үкіммен мүлде келіспейді. Олардың айтуынша, дәрігерлер кәсіби салғырттығы үшін жауапқа тартылуы тиіс.

«Тіс-дәрігер мүлде жауапкершілікке тартылған жоқ. Бар айып бір ғана анестезиологқа тағылып, соған қатысты шешім шығарылды. Бұл шешіммен мен толықтай келіспеймін. Шын мәнінде, баламды дәрігерлер немқұрайлықпен қарап, “көз жазып” алды», – деді қыздың әкесі Талғат Кұмаров.

«Біз стоматологияға сау баланы апардық, ал қазір ол жоқ. Қызымыз біз сенім артқан дәрігерлердің операция үстелінде қайтыс болды», – деп қосты анасы.
 

Тэгтер:

сот Тіс емханасы анестезиолог