New York Times бірнеше ондаған Сирия жоғары билігі өкілдерінің орнын анықтады. Олар 2024 жылғы желтоқсанда диктатор Башар Асадтың отбасымен бірге Ресейге қашып кеткендер, деп хабарлайды Arasha.kz.
Газеттің хабарлауынша, Асадтың отбасы Мәскеуде сән-салтанатпен өмір сүріп жатыр. Басылым бұл мәліметті Мәскеуде оларды көрген адамдарға, соның ішінде отбасы мүшелеріне, достарына және бұрынғы сириялық шенеуніктерге сілтеме жасап таратты.
NYT мәліметінше, Асадтардың Мәскеудегі алғашқы мекенжайы Four Seasons қонақ үйіндегі апартаменттер болған, кейін олар «Москва-Ситидегі» «Федерация» мұнарасындағы екі қабатты пентхаусқа, содан соң Рублевкадағы зәулім үйге көшкен.
Асадтың ағасы Махер де «Москва-Ситиде» тұрады деп болжануда. Оны ол жерде көзіне дейін бастыра киген бейсболкамен талай рет көрген. Маусым айында ол Мәскеудің батысындағы «Афимолл» сауда орталығындағы қорқор (кальян) орталығында видеоға түсіп қалған.
Башар Асадтың биыл жазда МГИМО дипломын алған қызы Зейн қараша айында 22 жасқа толған туған күнін «Мәскеудегі қала сыртындағы виллада» атап өткен. Ал оның құрдас бөлесі, Махердің қызы Шам туған күнін Дубайдағы қымбат француз мейрамханасында және яхтада тойлаған. Екі бойжеткен де БАӘ-де тұрады. Газет бұл жағдай Асадтар отбасының әлі де өте дәулетті екенін көрсетеді деп түйіндейді.