Соңғы рет қошемет көрсетті: Халқы Асанәлі Әшімовті ақтық сапарға шығарып салды (ВИДЕО)

Бүгін, 13:46 / Ахмет Қанатұлы
Tengrinews.kz / Болат Айтмолда

Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында кеңес және қазақстандық кино мен театр өнерінің аңыз тұлғасы Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ұлы актерді соңғы сапарға шығарып салуға мыңдаған адам жиналды. Қаралы жиынға шығармашылық зиялы қауым өкілдері, марқұмның әріптестері мен шәкірттері, сондай-ақ өнерге жанашыр қала тұрғындары қатысты. Жиналған жұрт ұлт мәдениетінің алып тұлғасына құрмет көрсетіп, рухына тағзым етті.

Асанәлі Әшімов 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ұзақ әрі жемісті шығармашылық жолында ол 30-дан астам кинотуындыда басты және күрделі рөлдерді сомдап, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры сахнасында 1963 жылдан бастап актер әрі режиссер ретінде қызмет атқарып, шамамен 50-ге жуық бейнені көрерменге ұсынды.

Өнер иесі Шәкен Айманов дәуірінің соңғы аңызы ретінде тарихта қалды. Ол қазақстандық кино мен театр өнерінде өшпес із қалдырып, ұлттық мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосты.

Қазақ халқы бұл күнде бір актерімен ғана емес, тұтас бір өнер дәуірімен қоштасты…

Тэгтер:

Асанәлі Әшімов қоштасу рәсімі