КСРО Халық әртісі, кино мен театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімов бір кездері 1001 түн бағдарламасына қонақ болып, өмір жолы, шығармашылық тағдыры мен өнердегі ұстанымдары туралы ашық әңгіме өрбіткен еді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бағдарлама барысында Асанәлі Әшімов қазіргі жары Бағдат Әшімова жайлы естелігімен бөлісіп, алғаш құдалыққа барған сәтін еске алды. Оның айтуынша, бастапқы кезде Бағдат Әшімованың ата-анасы мен бауырлары бұл некеге бірден келісе қоймаған.
"Жаркентке Бағдатты алып кетуге барғанбыз. Ақселеу Сейдімбек, Қадірбек Уәлиев, Әшірбек Сығай бастаған 20 адамды апардым. Оның себебі – Бағдаттың әке-шешесі, бауырлары көнбей, маған бермейміз деді емес пе?! "Ол 70-те ғой" дейді бауырлары. Ал Бағдат 30 жаста еді. Ол кезде 70-те де емеспін, 66-дамын ғой. Сондай көнбей тұрғанда, бір нағашысы: "Біреулер басқа ұлтқа да үйленіп жатыр ғой, оған қарағанда тәуір ғой", – деді. Сондағы мықтыларды апарағаным – мықтылығымызды көрсетейік дегенім ғой", – деді Асанәлі Әшімов.
Ал Бағдат Әшімова сол кезеңдерді өз көзқарасымен еске алып, Асанәлі Әшімовке деген сезімінің қалай пайда болғанын берген сұхбаттарының бірінде баяндаған болатын.
"Алғаш рет дәлізде көріп қалғаннан кейін ол кісі мені жиі іздей бастады, сұрастырып, бір күні қасына шақырып алып "Жан бөлек" деген кітабын сыйға берді. Соны оқып отырып, мен мына кісіні бақытты етер ме едім деп ойладым. Содан ол кісі маған жары болуға ұсыныс тастады. Серігім болуға жарайтын адам екенсің дегенде құлап қала жаздадым. Үйдегілермен ақылдасайын деп рұқсат сұрадым. Анам қарсы болды. Бірден болмайды деп айтты. Ағам да басында қабылдай алмады. Қатты ашуланып, үстелді бір ұрғаны есімде. Әкем үндеген жоқ. Үйдегілердің осындай реакциясынан кейін болмайтынын түсіндім. Асекеңе хабарласып, болмайтынын айттым, Уақыт емші деп күтуді сұрады. Ертеңіне ауылдан қайтарда анам “сен ол адамның бабын таба алмайсың, өте қатал адам” деп анам қарсылығын айтты. Уақыт өте келе әке-шешеме қайта келіп, Асекеңмен бір болатынымды айтып едім. Бұл жолы рұқсаттарын берді. Сонымен, кішігірім той жоралғысы жасалып, шаңырақ көтердік", – деді Бағдат Әшімова.