Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамп арасында уақыт жағынан ұзаққа созылған телефон әңгімесі өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қазақстан мен АҚШ президенттері екіжақты күн тәртібіндегі мәселелер мен қазіргі халықаралық ахуалға, соның ішінде Украинадағы жағдайға қатысты жан-жақты пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қараша айында Вашингтонға жасаған сапары барысында қол жеткізілген келісімдерді толық әрі сапалы жүзеге асыруға дайын екенін растады.
Мемлекет басшысы Украинадағы қақтығысты реттеудің күрделілігіне тоқталып, бұл үдерісте аумақтық мәселенің шешуші рөл атқаратынын, сондай-ақ нақты жағдайды ескере отырып, екі тараптан да ымыра қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты Қазақстан қақтығысқа қатысушы барлық тараптарды сабырлық, икемділік және кәсібилік танытып, бейбіт келісім формуласына қол жеткізу жолындағы ізденісті жалғастыруға шақырады. Сонымен бірге еліміз бұл мәселеде делдал болмағанымен, қажет болған жағдайда ізгі ниет аясында келіссөздер жүргізуге алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президентінің бірқатар халықаралық әскери қақтығыстарды аяқтауға және елдің ішкі әлеуетін нығайтуда оң нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік берген жоғары көшбасшылық қасиеттерін ерекше атап өтті.
Әңгіме соңында Мемлекет басшысы Дональд Трампты өзіне ыңғайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырып, бұл сапардың тарихи маңызға ие болатынына сенім білдірді.