Адам ағзасын саудалады деп күдіктелген Украина азаматы Қазақстанға жеткізілді

Бүгін, 10:16 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Күдікті әйел бес жыл бойы сот төрелігінен қашып, халықаралық іздеуде болған. 2025 жылдың наурызында ол Польша шекарасынан өтпек болған кезде ұсталды. ҚР Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол Қазақстанға экстрадицияланып, қазіргі уақытта тергеу изоляторында отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, бұл әйел ағзалардың заңсыз саудасымен айналысатын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың (ҰҚТ) мүшесі болған. Ол донорлар мен реципиенттерді іздеумен және олардың кездесулерін ұйымдастырумен айналысқан, сондай-ақ ағзаларды сатып алу-сату және трансплантациялау операцияларының құпиялылығы мен сүйемелдеуін қамтамасыз еткен.

ҰҚТ мүшелері Қазақстан аумағында да, басқа мемлекеттерде де жүріп, еліміздің медициналық мекемелерінде ағзаларды сатып алу-сату және кейіннен ауыстырып салу бойынша барлығы 56 заңсыз мәміле ұйымдастырған.

Мұндай қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, 8-ден 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бас прокуратура аталған ҰҚТ-ның тағы екі мүшесі бұған дейін Түркия мен Ресейден Қазақстанға қайтарылғанын атап өтті.

«Қара трансплантологияға» қатысты соңғы ірі сот процестерінің бірі биыл Алматыда өтті. Бүйректі заңсыз алу және сату бойынша айыпталған алты сотталушы 6 жылға бас бостандығын шектеуден 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын алды. Кейінірек ҰҚТ басшысының жазасы 6 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жеңілдетілді.
 

Тэгтер:

прокуратура адам ағзасын саудалау Украина азаматы