Қазақстан Еуропа бұғаттаған 600 миллион доллардан астам қаражатты қайтарды

Бүгін, 11:23 / Қайсар Қалам
Сурет: Envato

Ресейге қарсы салынған санкцияларға байланысты қателіктен бұғатталған ақша елімізге қайтарылды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бельгиялық Euroclear депозитарийі бұған дейін «ресейлік» деп есептеген Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) 600 миллион доллардан астам қаражатын бұғаттан шығарды. Бұл туралы ресейлік «РИА Новости» ақпарат агенттігіне Қазақстанның Қаржы вице-министрі Дәурен Кенбеил мәлімдеген.

«Жалпы сомасы 733 миллион доллардың ішінен 2023 жылдан бүгінгі күнге дейін 600 миллион доллардан астамын бұғаттан шығару мүмкін болды. Бұл ақша Қазақстандағы жобаларға бағытталды. Қаражатты бұғаттан шығарудың бірден-бір шарты — оны тек ел ішінде пайдалану болды. Euroclear бұл талаптың орындалуын қатаң бақылап отырды», — деді ол.

Қазақстан 2026 жылы депозитарий қалған 120 миллион долларға жуық қаражатты бұғаттан шығарады деп үміттеніп отыр. Кенбеил бұл мәселе бойынша келіссөздер әлі де жалғасып жатқанын нақтылады.

ЕАДБ қаражаты 2022 жылы ЕО елдері Ресейдің Ұлттық есеп айырысу депозитарийіне қарсы санкциялар енгізгеннен кейін бұғатталған болатын. Сол кезде Euroclear банктің Қазақстанға тиесілі активтері бар шоттарын да жауып тастаған еді.

Бұған дейін Еуропалық Одақ Ресейдің қаржы құрылымдары мен аймақтағы олармен байланысты банктерге қарсы санкцияларды кезекті рет кеңейткенін жазған болатынбыз. Шектеулердің жаңа пакетіне ресейлік «ВТБ» банкінің Қазақстандағы еншілес құрылымдары да ілікті.
 

Тэгтер:

доллар санкция еуропа