Кеше Алматыда, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында көрнекті актер әрі режиссер, Қазақстанның халық әртісі, қазақ театры мен киносының символына айналған тұлға Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті. Ол 21 желтоқсанда 89 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Exclusive.kz оқырмандарына актердің талант пен жауапкершілік, сенім мен еркіндік, өмір мен өлім туралы толғанған сұхбатын ұсынып, Асанәлі Әшімовтің шынайы болмысын аша білген, деп жазады Arasha.kz.
"Сенімсіз өмір сүру мүмкін емес. Мен Жамбыл облысы Байқадам аудандық орталығында атамның құрметіне мешіт салдырдым. Меккеден қымбат, әсем кілемдер, шамдар мен басқа да қажетті атрибуттарды әкелдім. 30 сотық жер телімін алдық. Ол кезде айналасы сортаң, иен дала еді, бір тал жасыл шөп жоқ болатын. Біз ағаш егіп, гүл отырғыздық, құдық қаздық. Айта кетерлігі, маңайдағы судың бәрі ащы болса да, құдықтан тұщы су шықты – бұл да бір ғажайып еді. Ал мешіт ашылған күні тағы бір кереметке куә болдық. Сол мамыр күнінде аспан шайдай ашық, күн жарқырап тұрды, бірде-бір бұлт жоқ еді. Дәл ашылу сәтінде күннің айналасында үлкен кемпірқосақ пайда болды. Бәрі таңғалды. Бұл Жаратушының белгісі, батасы болса керек. Ата-бабаларымның, анам Тәжіханның, жарым Майраның, ұлдарым Мәди мен Сағидың рухы сезілгендей болды. Менің жұмыс бөлмемде "Атаманның ақыры" фильмінен бір картина ілулі тұр, онда: "Ата-бабамның рухы менімен бірге" деген мағынадағы сөз бар", – деді Асанәлі Әшімов.
Журналистің "Ұлдарыңыздан айырылғанда тартқан ауыр қайғыны қалай еңсердіңіз? Күшті қайдан алдыңыз?" деген сұрағына Асанәлі Әшімов толғанып жауап берді.
"Күшті Алла берді. Құранда жас та, кәрі де бұл дүниеден өтеді деп жазылған. 1999 жыл мен үшін аса ауыр жыл болды. 5 қаңтарда ұзаққа созылған сырқаттан кейін Мәди көз жұмды, ол төрт ай бойы ауруханада жатқан еді. Ал тоғыз жарым айдан соң, 18 қазанда Сағидан айырылдым. Сағи ауырмаған еді, оның өлімі мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ. Адам осылай кетуі мүмкін деп ешқашан ойламаппын. Сол кеште ол маған келіп, үйіме қонып еді. Кейін мәңгілік ұйқыға кеткенін білдік. Неліктен дәл сол күні маған келгенін әлі түсіне алмаймын, оның өз үйі бар еді ғой. Ол жақта мені ұлдарым қарсы алса екен деп тілеймін. Соған шын жүректен сенемін. Олар маған сеніп кетті, енді мен қандай қиын болса да, солар үшін өмір сүріп, еңбек етуім керек", – деп түйіндеді ол.
P.S. Бұл сұхбат Асанәлі Әшімовпен бұған дейін ҚР ІІМ-нің "На страже" газетінде (2006 жылғы 24 тамыз, №32) жарияланған, алайда интернет-нұсқасына шықпай, ашық қолжетімді болмаған.