Gusto кафесінің кейсі заңға өзгеріс енгізуге себеп бола ма?

Бүгін, 21:38 / Кәмшат Тасболат
Arasha.kz коллажы

Алатау баурайындағы Шымбұлақ тау-шаңғы курортында орналасқан Gusto кафесінің басы дауға қалды. Ұлысмедиа таратқан видеода Gusto әкімшісінің мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқаны анық көрініп тұр, тіпті ол: «Мен КСРО-да тудым, қазақ тілінде сөйлеп, қызмет етуге міндетті емеспін. Маған қазақ тілі керек емес» деп тұр.Бақытжанов деген желі қолданушысы: «Әкімшінің есімі – Елена. Мен оған сабырлы түрде бір ғана сұрақ қойдым: мейрамханада қазақ тілінде сөйлейтін даяшы бар ма деп. Жауап ретінде боқтық пен қорлау сөздерін естідім» дейді. Біз Gusto мейрамханасының басшылығына шыққан едік, өзін әкімшілік өкілі ретінде таныстырған Виктория Маноли бізге орысша жауап берді, біз қазақ редакциясының өкілі ретінде жауаптың мемлекеттік тілде болуын талап еттік. Ол біраздан кейін мемлекеттік тілде жауап жаза бастады.

«Gusto мейрамханасы Қазақстан Республикасының заңдарын және мемлекеттік тілді құрметтейді. Біз қонақтарға қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қызмет етеміз», – деп жауап берді.

Ал мемлекеттік тілге қарсы пікір білдірген Еленаға қатысты қандай да бір тәртіптік шара қолданылды ма десек, Виктория Маноли:

«Еленаға қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр. Қарсы бейнеүндеу дайындап жатырмыз. Сіздерді жағдайдың барысынан хабардар етіп отырамын», – деді. Кейін Gusto кафесінің инстаграмдағы парақшасында ресми мәлімдеме жарияланып, мейрамхана әкімшісінің жұмыстан босатылғаны мәлім болды. 

Виктория Манолидің айтуынша, «Штатта 32 адам жұмыс істейді. Олардың 20-сы қазақ тілін жетік меңгерген, тағы 3-4 қызметкер қазақ тілін түсінеді және жұмысқа қатысты сауалдарға қысқа жауап бере алады. Жалпы алғанда, 24 қызметкер қазақ тілінде сөйлей алады» екен. Бірақ Gusto кафесінің тұтынушылары әлеуметтік желіде оларға қазақ тілінде қызмет көрсетілмегенін, бір ғана официанттың қазақша сөйлегенін жасырмай жазып жатыр.

Facebook, Instagram, Threads желілерінде кеңінен талқыланып жатқан дауда қолданушылар «кафеге бойкот жариялау керек» деп шулап жатыр. Бүгін 2GIS қосымшасында тұтынушылардың наразылық білдіруінен кейін кафенің рейтингі 3,6-дан 1,2-ге дейін түсіп кеткен. Бұл мейрамхана үшін тым төмен көрсеткіш.

Біз танымал заңгер Мейірман Шекеевке хабарласқан едік, ол: «Бұл іс менің өндірісімде. Маған Бақберген деген азамат сенімхат берді. Мен бейнежазба жариялап, заң нормаларын сол жерде айтамын» дейді. Заңгердің айтуынша,«Бұл жерде жалғыз Бақбергеннің ғана құқығы бұзылмаған, өйткені бүкіл Қазақстанның мемлекеттік тілін менсінбеген азамат бәрінен кешірім сұрауы керек. Себебі бұл Тұтынушылар құқын қорғау туралы заңының 24, 25, 26-баптарында тұтынушыға нақты қазақ тілінде қызмет көрсету міндеті жүктелген. Кез келген қазақ өз тілінде қызмет алуға құқылы. Бұндай кезде кәсіпкерлердің тез есін жиғызатын тәсілді де айтайын. 2Gis-ке кіріп, олардың рейтингін төмендету үшін, көрсеткішіне әсер ету үшін тезірек іске кірісуіміз керек. Сонда «я не должна разговаривать на вашем языке» дегендер мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті болады» дейді. Сондай-ақ, бүгін заңгер полиция бөлімшесінде Еленамен кездесетінін жеткізді. Шағымданушы тарап әлі де тілге де, тұтынушыға да құрметсіздік көрсеткен экс-әкімші кешірім сұрайды деп үміттенеді.

Танымал заңгерлер, журналистер мен блогерлер де бұл іске өз бағасын беруде. Белгілі блогер, тіл жанашыры Жалғас Ертай:

«Қазақша қызмет көрсетуден бас тартқанқандарға, қазақша ақпараты жоқ компанияларға айыппұл салу тетігін заңға енгізу керек. Бірінші рет ескерту айтып, бірден 30 мың теңге, екінші рет қайталанса, 300 мың теңге төлесін, үшінші рет болса, 3миллион теңге айыппұл. Сол кезде ертесінен-ақ кез келген қызмет көрсету орны қазақша қуана-қуана қызмет көрсете бастайды. Ал қазір әкімдік ондай компанияға тек ескерту айтумен шектеледі», – дейді.

Бұл тұрғыдан қолданыстағы заңда қандай айыппұл салу тетіктері бар? Атап айтсақ, ҚР-сы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес, сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңының талаптарына сәйкес тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) қазақ тілінде ақпарат беруге міндетті.Яғни, кез келген көрсетілетін қызмет түрі тұтынушыға қазақ тілінде ақпарат ретінде берілуі тиіс.

Клиент мейрамхана, кафе, асханалардан қазақша ас мәзірін талап ете алады. Егер ас мәзірі қазақша болмаса, онда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің тиісті баптарына сәйкес, айыппұл көзделген.

Бұдан бөлек, ҚР «Тіл туралы» Заңының 21-бабында «Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, хабарландырулар, жарнама, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, ас мәзірлері, нұсқағыштар және басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттік тілде, қажет болған кезде орыс тілінде және басқа тiлдерде де орналастырылады» деп көрсетілген. Ал бұл не деген сөз? Бұл бапқа сәйкес, Конституция бойынша, мемлекеттік тіл – қазақ тілі мәзірлерде, хабарландыруларда, жарнамада, прейскуранттарда, баға көрсеткiштерiнде, нұсқағыштарда және басқа да көрнекi ақпаратта міндетті түрде қолданылуы тиіс.

ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 75-бабы Тіл туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықты көздейді. Кодекстің 75-бабы 3 және 4-тармақтары бойынша, деректемелер мен көрнекi ақпаратты орналастыру жөнiндегi талаптарды бұзу ескерту жасауға әкеп соғады, ал әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бір жыл ішінде сол әрекет қайталанған болса, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. 2025 жылы 1 АЕК 3 932 теңгеге тең, яғни тіл  заңнамасын бұзған адамдар үшін айыппұл көлемі де тым мардымсыз. Басқа айыппұл түрлері көтеріліп жатқан кезде, неге тіл заңнамасын бұзғандар үшін айыппұл көлемі артпайды екен? Бұл да қоғамды ойландырып отырған өзекті мәселе.

Саясаттанушы Нұрмұхамед Байғараев өзінің Facebook парақшасында:

«Мұндай кейстерден соң басқа мейрамханалар, бизнес өкілдері жанжалдың алдын алайық деп қазақша білетін персонал жалдай ма, жоқ па, белгісіз. Уақыт көрсетер. Менеджердің санасына байланысты. Алайда анық бір нәрсе байқалды. Халық көп болса, өз қалауын орындатқызады екен. Ол анонимді, мәдениетті, дөрекі, заңды, бұқаралық  сипатта, басқа да формада болуы мүмкін. Бірақ бәрібір талабын орындатады. Тек ертең ол жаппай дөрекі сипатқа айналмас үшін алдын алу керек. Алдын алу деген ол түрлі баппен жазалау емес. Қазақ тілін қоғамның барлық саласына енгізу және іс-жүзінде қолданылатын шынайы коммуникация тіліне айналдыру», – дейді.

Айтпақшы, Gusto кафесі Instagram парақшасын осы күнге дейін көбіне орыс тілінде жүргізіп келген, тіл дауынан кейін ғана асығыс-үсігіс қазақша ақпараттар бере бастапты. Сондай-ақ, қоғамдық наразылық пен резонанстан кейін парақшада пікір білдіру қызметін де уақытша шектеп қойған.

Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Chocofamily holding компаниясының басшысы Рамиль Мухоряпов Ресей азаматтарының алдында орыс тілін біле тұра қазақ тілінде сөйлегендерді сын тезіне алып, тіпті, мұны «мәдениетсіздік пен ұлтшылдыққа» балаған еді. Артынша қоғам кәнселлинг тәсілін қолданып, бүкіл Choco қызметтері мен өнімдеріне бойкот жариялаған соң, Мухоряпов қазақша кешірім сұрап, тіпті мемлекеттік тілдегі жобаларға демеуші бола бастады. Ал биыл Magnum супермаркеттер желісінің басы дауға қалды. Бір тұтынушы курьердің қазақша сөйлегенін сынап, оның жұмыстан қуылуына себепші болды, артынша өзі де, Magnum да бойкотқа тап болды. Тіпті, #БойкотMagnum хештегі пайда болып, адамдар жаппай басқа супермаркеттер желісіне көше бастады. Бұл бойкотты бәсекелес басқа супермаркеттер желісі сәтті пайдаланды. Мәселен, Small сауда белгісі «Біз қазақша қызмет көрсетеміз» деген ниетпен өз супермаркеттерінде қазақша әндер қойып, тұтынушылардың разылығына бөленді.

Қазірге анық бір нәрсе, еліміздің бюрократиялық аппараты да, бизнес те Қазақстанның қаншалықты өзгергенін байқамай қалды, енді халық та, тұтынушылар да мемлекеттік тілге деген немқұрайлы көзқарасты көтермейтінін аңғартты. Мамандар да заман талабына сай Тіл туралы заңды күшейтіп, айыппұл салу тетіктерін кеңейту керек деп есептейді. Тіпті, көршілес Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан елдері сияқты арнайы «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау керек деп отыр.

Тэгтер:

қазақ тілі кафе Gusto Виктория Маноли