"Кеткісі келмегендей көрінді": Асанәлі Әшімов соңғы кездесуінде қандай өсиет айтты?

Бүгін, 22:38 / Ахмет Қанатұлы
Скриншот: Алтынбек Қоразбаевтың концертінен

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин марқұм Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімінде бұған дейін Президенттің тапсырмасымен актермен арнайы кездескенін еске алды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның сөзінше, Мемлекет басшысы Асанәлі Әшімовке жеке сәлем жеткізуді арнайы өзі тапсырған.

"Президент: "Менің атымнан Асанәлі ағаңмен жолығып, сәлемімді жеткізесің" деген еді. Өткен аптада Алматыға келіп, Асанәлі ағамызбен кездестім. Қасында серік болсын деп Жүрсін Ерман ағаны, Қалқаман Саринді және өнер саласында жүрген бірқатар жасты шақырдым. Үш сағат бойы әңгімелестік. Асанәлі аға әдетінше естеліктерін айтып, сол күні ерекше ашылып сөйледі. Кеткісі келмегендей, асықпай отырды", – деді Ерлан Қарин.

Ол сол кездесуде болған әңгіме жүрегіне ерекше әсер қалдырғанын да атап өтті.

"Қоштасарда: "Аға, Алматыға енді жаңа жылдан кейін келермін, сонда тағы бір жолығармыз" дедім. Сонда ағамыз: "Ерлантай, бір кезде жыл санадық, кейін ай санадық, қазір күн санайтын жастамыз. Құдай қаласа дейік", – деді. Әттең, сол күннің соңғы кездесуіміз екенін білмедім. Бірақ Президентіміздің сәлемін жеткізіп үлгердім", – деп толқыды ол.

Тэгтер:

Ерлан Қарин Асанәлі Әшімов