Ақмола облысының Макинск қаласында мектептен оқу қаруын ұрлаған ер адам сотталды

Бүгін, 09:10 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

Сот анықтағандай, өткен жылдың жазында мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жергілікті тұрғын темір сейфті бұзып, оқу мақсатындағы Калашников автоматын, Baikal маркалы екі пневматикалық спорттық мылтықты және тағы бір пневматикалық мылтықты ұрлап кеткен. Шығынның жалпы сомасы 300 мың теңгеден асты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мүліктің жоғалғаны анықталған соң, мектеп әкімшілігі полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды.

Бұланды аудандық соты ер адамды кінәлі деп танып, 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті және пробациялық бақылау орнатты. Бұдан бөлек, сотталушы жаза мерзімі бойы жыл сайын 100 сағаттан қоғамдық жұмысқа жегілетін болады.

Ұры оқу автоматы мен мылтықтарының не үшін қажет болғанын нақты түсіндіріп бере алмады. Дегенмен, оқу мақсатындағы қару үлгілерінің өзі заңсыз айналымда қауіп төндіруі мүмкін екені белгілі. Қазіргі уақытта ашық дереккөздерде оқу қаруын жауынгерлік күйге келтіру әдістері туралы нұсқаулықтар жеткілікті.
 

Тэгтер:

мектеп автомат Макинск АК-74