Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған 2,3 млрд теңгенің пәтерлеріне қатысты алаяқтық іс тергелуде

Бүгін, 11:01 / Қайсар Қалам
Сурет: ҚМА

Астанада әлеуметтік осал топтарға арналған 2,3 млрд теңгенің пәтерлеріне қатысты алаяқтық іс тергелуде. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

«ҚМА Бас прокуратураның үйлестіруімен және Сот әкімшілігінің ішкі қауіпсіздік бөлімшелерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарына, соның ішінде көпбалалы отбасыларға, жетім балалар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған пәтерлерді заңсыз иемдену фактісі бойынша тергеу бастады», — делінген бейсенбі күнгі хабарламада.

Іс материалдарына сәйкес, 2014-2016 жылдары «Төленді» тұрғын үй-құрылыс кооперативін басқарған А. Байжұманов пайшылардың қаражатын жымқырудың ауқымды схемасын ұйымдастырып, сол үшін сегіз жылға бас бостандығынан айырылған болатын.

«Кейіннен бұл үйлердің құрылысын аяқтауды Астана қаласының әкімдігі қамтамасыз етті, бұл ретте тұрғын жайлардың бір бөлігі әлеуметтік осал топтарға арналған еді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққаннан кейін Байжұманов жаңа қылмыстық схема ойлап тапқан. Ол ескі мерзіммен толтырылған жалған құжаттарды пайдалана отырып, пәтерлерді заңсыз иемденуді көздеген. Нәтижесінде 80-нен астам «жалған үлескер» зардап шегуші деп танылып, уәкілетті ұйымнан 170 жылжымайтын мүлік нысанына заңсыз құқық алған. Пәтерлерді тегін алғаннан кейін Байжұманов пен оның сыбайластары оларды үшінші тұлғаларға сатуды жоспарлаған. Осылайша, жалпы сомасы 2,3 млрд теңгеден асатын пәтерлерді заңсыз иемдену әрекетінің жолы кесілді», — деп нақтылады ҚМА.

Күдіктілерге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.

«Тергеу амалдары жалғасуда», — деп толықтырды ведомство.
 

Тэгтер:

Астана пәтер алаяқтық ҚМА