Сенат медицина қызметкерлеріне көрсетілген зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы заңды қабылдады

Бүгін, 14:02 / Қайсар Қалам
Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстан Сенаты медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайту туралы заңды екі оқылымда қабылдады, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Заңды қабылдау нәтижесінде медицина қызметкерлері мен жедел медициналық жәрдем көлігі жүргізушілерінің қызметтік немесе кәсіби міндеттерін атқару кезіндегі зорлық-зомбылықтан құқықтық қорғалуы қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ қауіпсіз жұмыс ортасы құрылып, көрсетілетін қызметтердің сапасы артады», — делінген Сенат қорытындысында.

Заңмен Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 380-3-баппен («Медицина қызметкеріне немесе жедел медициналық жәрдем көлігінің жүргізушісіне қатысты күш қолдану қатері немесе күш қолдану») толықтырылады.

Сонымен қатар, заңда медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық пен қоқан-лоқы үшін келесідей жазалар қарастырылған:

Күш қолдану қатері (қоқан-лоқы) үшін: 200-ден 500 АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру. Ауырлатушы мән-жайлар болған жағдайда — екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Өмірге және (немесе) денсаулыққа қауіпті емес күш қолдану үшін: 500-ден 1 мың АЕК-ке дейін айыппұл, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, не екі жылдан үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру. Егер іс-әрекет ауырлатушы мән-жайларда жасалса, жаза қатайтылады — үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.

Өмірге және денсаулыққа қауіпті күш қолдану үшін: бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Ауырлатушы мән-жайлар болған жағдайда — 7 жылдан 12 жылға дейін.

Сенат заңды Президентке қол қоюға жіберді.

Тэгтер:

дәрігер заң шабуыл сенат