Қазақстанда мемлекеттік қарызды басқару жүйесін жетілдіру мақсатында Ұлттық банк Қаржы министрлігі және Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес құрды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Facebook желісіндегі жеке парақшасында жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, жаңа кеңес мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастыруда тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік қарызды басқару мәселелері бойынша бірыңғай коммуникациялық саясат жүргізуге бағытталған.
«Біз мемлекеттік бағалы қағаздарды кезең-кезеңімен және болжамды түрде орналастыру қағидаттарын, сондай-ақ қарызды басқару мәселелері бойынша бірлескен коммуникациялық саясатты қолдадық. Мұндай тәсіл нарықта тұрақты бағдарларды қалыптастырып, ішкі борыштық нарықтың терең әрі өтімді болуына ықпал етеді», – деді Тимур Сүлейменов.
Кеңес отырысында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – резидент еместердің портфельдік инвестициялары болды. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, резидент еместердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына қызығушылығы экономикалық саясаттағы белгісіздіктің төмендеуімен байланысты.
«Инфляцияны тежеу жөніндегі дәйекті шаралар, орташа қатаң ақша-несие саясаты және бюджетті шоғырландыру инфляциялық күтулердің төмендеуіне алып келді. Бұл инвесторлардың макроэкономикалық саясатқа деген сенімін күшейтті», – деді Ұлттық банк басшысы.
Оның мәліметінше, 2024 жылдың қараша айының соңындағы жағдай бойынша резидент еместердің Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарына салған инвестиция көлемі шамамен 3,6 млрд долларды құрады. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері шамамен 1,5 млрд долларға өскен.
Тимур Сүлейменов резидент еместерді алыпсатар инвесторлар деп атау дұрыс емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан нарығында негізінен ірі институционалдық инвесторлар – жаһандық инвестициялық банктер мен қорлар жұмыс істейді.
«Бұл инвесторлар үшін негізгі факторлар – ережелердің ашықтығы, нарықтың өтімділігі және макроэкономикалық тұрақтылық. Мұндай инвестицияларды спекулятивті деп атау қаржы-экономикалық логикаға қайшы», – деді Ұлттық банк төрағасы.
Оның айтуынша, шетелдік инвесторлардың қатысуы Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздар аукциондарындағы бәсекелестікті күшейте түскен. Бұл тәуекел үшін сыйақының төмендеуіне және мемлекеттік қарыз алудың арзандауына ықпал етті.«Инвесторлар базасының кеңеюі баға белгілеуді жақсартып, қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл табыстылық қисығында да көрініс тапты», – деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, инфляциялық күтулердің төмендеуі орта және ұзақ мерзімді сегментте табыстылықтың 100 базистік пунктке және одан да көп төмендеуіне әкелген. Бұл өте маңызды, себебі Қазақстанның мемлекеттік қарызының шамамен 75%-ы 3 жыл және одан көп мерзімге орналастырылған.
Ұлттық банк төрағасы шетелдік портфельдік инвестициялардың ақша-несие саясатының тиімділігін арттыратынын да атап өтті.
«Шетелдік инвесторлардың қатысуы ақша-несие саясатының әсерін күшейтеді. Ал теңгерімді әрі қатаң саясат ұлттық валютаның бағамын қолдап, инфляциялық қысымды төмендетуге көмектеседі», – деді Тимут Сүлейменов.
Оның айтуынша, ұлттық валютаның салыстырмалы түрде нығаюы инфляциялық күтулерді төмендетіп, қарызға қызмет көрсету шығындарының азаюына ықпал етті.
Тимур Сүлейменов портфельдік капиталдың табиғаты құбылмалы екенін жоққа шығармады. Дегенмен, инвесторлардың кетуі көбіне ішкі саясатқа байланысты екенін айтты.
«Егер макроэкономикалық саясат дәйексіз болса немесе инвестициялық климат нашарласа, инвесторлар басқа нарықтарға кетуі мүмкін. Бірақ бұл, негізінен, өз қолымызда», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, капитал ағынының ұзақ мерзімді тұрақтылығы ақша-несие және фискалдық саясаттың үйлесімділігіне, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің болжамдылығына байланысты.
Алдағы уақытта Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын халықаралық индекстерге енгізу институционалдық инвесторлардың жаңа ағынын тартуға, нарықтың өтімділігі арттыруға және мемлекеттік қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға мүмкіндік береді.