Тұрар Рысқұловтың Қазақстандағы қызметі туралы айтқанда, оны тек кеңестік аппараттың бір бөлшегі ретінде қарастыру – тарихи әділетсіздік. Зерттеулерде көрсетілгендей, Рысқұлов – ХХ ғасыр басындағы түркі халықтарының болашағын тұтас ойлаған, Қазақстанның мемлекеттік тұтастығы мен саяси болашағына нақты ұсыныстар жасаған қайраткер.
Зерттеу еңбектерінде Т. Рысқұловтың Түркістан АКСР-дегі қызметі ерекше аталады. Ол бұл кезеңде біртұтас кеңестік қазақ автономиясын құру идеясын ашық қолдап, Қазақстанның астанасы ретінде Ташкент қаласын ұсынған. Бұл – кездейсоқ пікір емес, нақты саяси-экономикалық есепке құрылған ұстаным еді. Авторлар атап өткендей, сол кезеңде қазақ халқының жартысынан астамы Түркістан өлкесінде өмір сүрді, ал Ташкент – саяси, мәдени және экономикалық орталық ретінде дайын инфрақұрылымы бар қала болатын.
Кей еңбектерде Т. Рысқұловтың ұстанымы ұлтшылдық емес, ұлттық прагматизм ретінде бағаланады. Ол алдымен ұлттың бірігуін, содан кейін ғана түркі бірлігін қарастыру керек деп есептеді. Бұл ой «алдымен ұлтшыл, содан соң түркішіл боламыз» деген тұжырым арқылы нақты көрсетіледі. Яғни Рысқұлов үшін қазақ мемлекеттілігінің мүддесі кез келген идеологиялық ұраннан жоғары тұрды.
Зерттеуші авторлар Т. Рысқұловтың Ташкентті Қазақстан астанасы ету идеясын да терең негіздейді. Ташкентті орталық ету арқылы қазақ жерлерін тиімді басқару, шаруашылықты ұйымдастыру, мәдени ықпал ету мүмкіндігі артатыны көрсетіледі. Бұл ұсыныс сол кезеңдегі басқа түркі халықтары тарапынан да қолдауға ие болуы мүмкін еді, яғни Рысқұлов аймақтық консенсусқа сүйенген саясаткер ретінде көрінеді.