Өскеменде домофон орнатылған есіктен ток соғып, жас жігіт жансақтау бөліміне түсті

Бүгін, 10:06 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Оқиға  25 желтоқсанда, Протозанов көшесіндегі №31 үйдің бірінші кіре берісінде маңында болған. Тұрғындардың айтуынша, домофоны бар подъезд есігі бір ай бойы адамдарды тоқпен соғып келген, алайда ешқандай шара қабылданбаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

– Бүгін қайғылы жағдай болды: жігітті тоқ қатты соғып, ұшырып жіберді. Біз бірден жедел жәрдем шақырдық. Дәрігерлер келіп, реанимациялық шаралар жүргізді, жүрегі тоқтап қалған, кейін ауруханаға алып кетті. Құдай қаласа, бәрі жақсы болып, жігіт аман қалар. Бұған кім жауап береді? Неге ешкім ештеңе істемеді, апат болғанша күтті ме? Біздің подъезде көп қарт тұрады, тағы біреуді тоқ соқса, соңы өте қорқынышты болуы мүмкін, – дейді үй тұрғындары.

Ақпарат қала әкімдігіне жеткізілді. Электр тоғының есікке таралу себебін анықтау үшін «Исток» КСК қызметкерлері шақырылды.
– Электр тоғымен зақымдану фактісі тіркелді. Алдын ала дерек бойынша, тоқ көзі «Алма домофон» ЖШС қызмет көрсететін домофоннан болуы мүмкін. Қазіргі уақытта азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіпті болдырмау мақсатында зақым келтірген нысанды электр желісінен ажырату шаралары қабылданып жатыр, – деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімдігінде.

Кейінірек электр тоғының таралу себебі анықталғаны хабарланды. Бұл — есік ойығына орнатылған прожектор шамы болып шықты. Ол ажыратылып, қауіп жойылды. Оқиғаға байланысты жауапкершілікті тиісті органдар анықтайтын болады.
.