ҰҚК енді қазақстандықтардың жеке деректерін қорғауға жауап береді

Бүгін, 11:53 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Комитет бұл бағыттағы бірқатар өкілеттіктерді Цифрлық даму министрлігінен (қазіргі – Жасанды интеллект министрлігі) алды. Оған банктер, байланыс, ТКШ, медицина және eGov салалары кіреді. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мәселе ақпараттандыру саласындағы мемлекеттік бақылау, нақтырақ айтқанда ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның (АКИ) аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі функциялар туралы болып отыр.

Құжатта ҰҚК-ның берілген функциялар шегінде министрліктің құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мирасқоры екені де бекітілген. Енді Үкімет пен ҰҚК қажетті заңнамалық түзетулерді дайындайды, ал комитет Президентке өзінің ережесіне өзгерістер енгізу жобасын ұсынуы тиіс.

АКИ-дің аса маңызды объектілері деп істен шығуы немесе тоқтауы жеке деректер мен қолжетімділігі шектеулі ақпараттың таралуына, төтенше жағдайларға немесе елдің қорғанысына, қауіпсіздігіне, экономикасына және халықтың тіршілігіне елеулі зиян келтіруі мүмкін жүйелер танылады.

Бұл тізімге жылу, электр, газ және сумен жабдықтау инфрақұрылымы, өнеркәсіп, денсаулық сақтау, байланыс, банк саласы, көлік, гидротехникалық құрылыстар, құқық қорғау қызметі және электрондық үкімет кіреді.

Жеке деректердің көптеп таралуы туралы жоғарыдағы жарияланымдардан оқуға болады.

Жуырда Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосымша өкілеттіктер берді — комитет қаржылық мониторингке қол жеткізіп, резервтерді басқарумен айналысады. Бұл, соның ішінде, қылмыстық кірістерді заңдастырумен күресу үшін жасалған.
 

Тэгтер:

ҰҚК қауіпсіздік цифрландыру Дерек