Зеленский Украинадағы жағдайға қатысты: «көп нәрсе жаңа жылға дейін шешілуі мүмкін»

Бүгін, 14:40 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Украина президенті Владимир Зеленский Ақ үй басшысы Дональд Трамппен алдағы күндері өтуі мүмкін кездесу жайлы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Владимир Зеленский өзінің Telegram-арнасында Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы, АҚШ-пен келіссөздердегі Украина делегациясының басшысы Рүстем Умеров американдық тараппен өткен кезекті байланыстардың нәтижесі туралы баяндағанын хабарлады.

«Бірде-бір күнді босқа өткізбейміз. Ең жоғары деңгейдегі кездесу туралы келістік — жуырда Трамппен кездесеміз. Көп нәрсе жаңа жылға дейін шешілуі мүмкін», — деп жазды Украина басшысы.

Еске сала кетейік, кеше президент әлеуметтік желілерде Америка лидерінің арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен сөйлескені туралы айтқан болатын.

Бұған дейін Владимир Зеленский алғаш рет бейбітшілік жоспарының 20 тармағын жариялаған еді. Сондай-ақ, саясаткер негізгі құжаттан бөлек, түрлі бағыттар бойынша арнайы қосымшалар бар екенін мәлімдеді.

Ал оның алдында АҚШ-тың НАТО-дағы тұрақты өкілі Мэттью Уитакер Украинадағы жағдайды реттеу алдағы 90 күнде мүмкін болатынын айтқан еді.
 

Тэгтер:

Трамп Зеленский нато