Алматыда тауға кеткен үш жігіт оралмады: біреуінің денесі табылды

Бүгін, 16:25 / Қайсар Қалам
Сурет: ТЖМ

Алматы тауларында Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) құтқарушылары іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі хабарлағандай, 26 желтоқсанға қараған түні «112» пультіне бір әйелден хабарлама түскен. Ол өзінің ағасы екі досымен бірге 24 желтоқсан күні таңертең тауға кетіп, қайта оралмағанын айтқан. Жоғалғандардың ұялы телефондары 12 сағаттан астам уақыт бойы сөндірулі тұр.

«Хабарлама түскеннен кейін іздестіру жұмыстары жүргізілуі мүмкін ауданға дереу ТЖМ-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды: ТЖМ авиациялық борты, Республикалық жедел-құтқару жасағының (РОСО) бөлімшелері, Апаттар медицинасы орталығы және ТЖМ Құтқару қызметінің құтқарушылары, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен еріктілер. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін "Қазавиақұтқару" тікұшағы көкке көтерілді. Оның көмегімен құтқарушылар "Тұйықсу" мұздығы, "Мыңжылқы" шатқалы және "Локомотив" шыңы маңын тексеріп жатыр», — деп хабарлады ТЖД.

Ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану арқылы жүргізілген іздестіру жұмыстары кезінде «Локомотив» шыңы маңынан адам мүрдесі табылды. ТЖМ авиаборты оны теңіз деңгейінен 3700 метр биіктіктен төмен түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсырды.

«Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тұлғаны түпкілікті сәйкестендіру барлық қажетті сараптамалар аяқталғаннан кейін жүргізіледі. Жоғалғандардың туыстарына ТЖД, РОСО психологтары мен ТЖМ медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетуде», – делінген хабарламада.

Тағы екі адамның жүрген жерін анықтау бойынша іздестіру жұмыстары жалғасуда.

Іздестіру жұмыстарына 50-ден астам адам, соның ішінде құтқарушылар мен еріктілер, жеті бірлік техника, төрт ұшқышсыз ұшу аппараты, Алматы ТЖД, РОСО, Құтқару қызметі және ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының үш кинологиялық тобы қатысуда.

20 желтоқсанда Алматы тауларында 18 жасар бойжеткеннің қаза тапқаны хабарланған болатын.

Тэгтер:

алматы ТЖД тау іздестіру