Заңгер - әділ қоғамның айнасы

14 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Құқық-қоғамның тәртібін айқындайтын, әділдік пен жауапкершілік қағидаларын орнықтыратын басты құрал. Мемлекеттің іргесі мықты болып, заң үстемдігі сақталуы үшін кәсіби әрі білікті заңгерлер ауадай қажет. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан еліміздің жетекші оқу орындарының бірі-әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті.

Ғасырдан астам тарихы бар университет қабырғасында қалыптасқан бұл факультет еліміздегі заң ғылымының дамуына сіңірген еңбегі орасан зор. Көпжылдық тәжірибесі бар факультет көптеген судьялар, прокурорлар, тергеушілер, адвокаттар, мемлекеттік қызметкерлер және құқықтанушы ғалымдар дайындаған тарихи орда болып саналады. Бүгінде түлектері еліміздің құқықтық жүйесінде, халықаралық ұйымдарда, бизнес құрылымдарында қызмет етіп, кәсіби жетістіктерімен факультет беделін одан әрі асқақтатуда.Факультетте оқу үдерісі заманауи талаптарға сай жүргізіледі.

Құқықтың барлық негізгі салалары қамтылған оқу бағдарламаларымен қатар, халықаралық құқық, қаржылық құқық, цифрлық құқық, медиация, еңбек және экологиялық құқық бағыттарында да тереңдетілген пәндер оқытылады. Білім мазмұны үнемі жаңартылып, құқық саласындағы реформалар ескеріліп отырады.Факультетте заң ғылымының докторы, кандидаты, PhD докторлары, тәжірибелі практик құқықтанушылар қызмет атқарады. Профессор-оқытушылар құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, отандық құқық ғылымының дамуына үлес қосады. Шеберлік сабақтары, авторлық курстар, ғылыми семинарлар, тәжірибесі мол мамандармен кездесу форматтары студенттер үшін кәсіби шеберлікті дамытудың тиімді алаңы болып отыр.Сонымен қатар практик мамандар-судьялар, адвокаттар, тергеушілер оқу процесіне жиі шақырылып, өз тәжірибесімен бөліседі. Бұл қадам құқық теориясын нақты істермен байланыстырып, студенттің кәсіби көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Болашақ заңгерге ең қажетті нәрсе-тәжірибе. Осындай мақсатта факультет жанында құқықтық клиника, сот процессін модельдеу залдары, медиация кабинеттері, ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Студенттер халыққа тегін құқықтық кеңес беру, құжат дайындау, консультация жүргізу ісіне қатысу арқылы нақты кәсіби жағдайлармен танысады. Бұл тәжірибе олардың еңбек нарығында тез бейімделуіне, өз ісіне сенімді болуына жол ашады.Мемлекеттік органдарда, соттарда, прокуратура, адвокаттық кеңселер мен нотариалдық кеңселерде өтетін оқу-тəжірибелік практика студенттердің білімін бекітіп, мамандыққа деген қызығушылығын арттырады.Факультет ғылыми ізденістер мен зерттеу жұмыстарына ерекше назар аударады. Студенттер ғылыми үйірмелерге қатысып, конференциялар мен дебат турнирлерінде бақ сынап, мақалалар жариялайды. Халықаралық серіктестік те қарқынды дамуда.

Факультет әлемдік университеттермен келісім жасап, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын жүзеге асырады. Студенттер мен магистранттар шетелдік жоғары оқу орындарында семестрлік оқу, тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие. Бұл-болашақ заңгердің кәсіби көкжиегін кеңейтіп, халықаралық құқық кеңістігінен тәжірибе жинауына бағытталған маңызды қадам.

Заң факультетінің түлектері бүгінде еліміздің барлық облыстарында, мемлекеттік органдарда, құқық қорғау құрылымдарында, ірі ұлттық және халықаралық компанияларда қызмет етуде. Жоғары билік органдарында, сот жүйесінде, прокуратура мен әділет саласында жауапты қызмет атқарып жатқан мамандар факультеттің білім сапасын айқын көрсетеді.Заң факультеті кәсіби білім беруді ғылыммен, тәжірибемен және заманауи талаптармен үйлестіре отырып, елдің құқықтық жүйесіне бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын іргелі орталық. Мұнда білім алған әрбір студент болашаққа сенімді қадам жасап, заңгерлік жолында табысты бола алады.

Г.Д. Ансатбаева 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
 конституциялық және әкімшілік 
құқық кафедрасының оқытушысы