Қазақтың Қожасы қайтыс болды: Елге танымал актер 74 жасында көз жұмды (ВИДЕО)

26 желтоқсан, 2025 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Белгілі жазушы, сценарист, Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Сегізбаев өмірден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Нұрлан Сегізбаев – қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан қаламгер, киносценарист әрі философия ғылымдарының кандидаты. Оның Еуропадағы Lambert Academic Publishing баспасынан алты ғылыми еңбегі жарық көрген. Сонымен қатар ол «Жошы», «Бату», «Періште», «Қызыл қар» романдарының авторы. Бұдан бөлек, жарық көрмеген тоғыз қолжазбасы бар.

Киносценарист ретінде де ол қазақ кино өнерінде айрықша із қалдырды. Нұрлан Сегізбаев осыдан алпыс жыл бұрын түсірілген, қазақ киносының жауһарына айналған «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлді сомдаған. Арада 44 жыл өткен соң «Қош бол, Гүлсары» фильміндегі Шора бейнесін экранға шығарды. Соған қарамастан, ол өзін актермін деп есептемеген.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына арналған «Аллажар» фильмінің сценарийін жазу барысында автор бұл тақырыптың ұлт үшін маңызын терең сезініп, сценарийді 19 рет қайта өңдеген. Сондай-ақ оның «Өліара» және «Аллажар» повестері қазақ халқының жан жарасын көркем түрде жеткізе алған туындылар ретінде «Қызыл қар» кітабына енген.

Нұрлан Сегізбаев бар ғұмырын қазақ әдебиеті мен кино өнеріне арнады. Тәуелсіздікке дейінгі кезеңнің өзінде ұлтының мұңын жүрегімен сезініп, сол шындықты шығармалары арқылы кейінгі ұрпаққа аманаттап кетті.

Тэгтер:

актер қаралы хабар Нұрлан Сегізбаев Менің атым Қожа Қожа