1,3 млрд теңге салық төлеуден жалтарған күдікті Грузиядан экстрадицияланды

Бүгін, 10:36 / Қайсар Қалам
Сурет: Бас прокуратура

Ауыр экономикалық қылмыс жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Грузиядан экстрадициялады, деп хабарлайды Arasha.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Бас прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері экономикалық қызмет саласында ауыр қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Грузиядан Қазақстан азаматын экстрадициялады», - делінген хабарламада.

Тергеу мәліметтері бойынша, 2023-2024 жылдары Алматыда коммерциялық компанияны басқарған күдікті сыбайластарымен бірге жұмыстар іс жүзінде орындалмаса да, жалған шот-фактуралар жазуды жолға қойған. Бұл әрекеттердің салдарынан бюджетке төленбеген салық түрінде шамамен 1,3 млрд теңге шығын келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін ол бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған. 2025 жылдың қыркүйегінде ер адам Грузияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға қайтарылды.

Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды.

«2025 жылдың сәуірінде осы қылмыстың сыбайласы нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілген болатын», - деп атап өтті ведомстводан.

Тэгтер:

қылмыс Грузия салық прокуратура күдікті