Қазақтың "Қожасы" – Нұрлан Сегізбаевпен қоштасу рәсімі қашан және қайда өтеді?

Бүгін, 19:51 / Arasha.kz
Qaz365.kz коллажы. Суретте: Нұрлан Сегізбаев

Белгілі жазушы, сценарист, Қазақстан халқының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевпен қоштасу рәсімінің өтетін уақыты мен орны нақтыланды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Марқұмды соңғы сапарға шығарып салу 28 желтоқсан күні сағат 10:00-де өтеді. Қоштасу рәсімі Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында ұйымдастырылады.

Мекенжайы: Алматы қаласы, Абылай хан даңғылы, 105.

Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевтың денесі "Кеңсай-1" зиратына жерленеді.

Еске сала кетейік, қазақ руханиятына зор үлес қосқан қаламгер, киносценарист, философия ғылымдарының кандидаты Нұрлан Санжарұлы 76 жасқа қараған шағында дүниеден өткен болатын.

"ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист, кинодраматург Нұрлан Санжарұлы Сегізбаевтың өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады. Нұрлан Санжарұлы – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Ол өз ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. Өнерсүйер жұртшылыққа әлі күнге құндылығын жоймай келе жатқан Абдолла Қарсақбаевтың "Менің атым Қожа" фильміндегі басты рөлімен танымал өнер иесі қазақ кино өнеріндегі дара тұлға болды. Оның экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады. Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болғай", – делінген ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің хабарламасында.

Тэгтер:

актер қоштасу рәсімі Нұрлан Сегізбаев Менің атым Қожа