Белсенді педагог Төлепберген Құдайберген мектептердегі білімді бағалау жүйесіндегі әділетсіздіктерді ашық сынап, қазіргі пайыздық көрсеткіштің шынайы білім сапасын көрсете алмайтынын айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ұстаздың айтуынша, тоқсан сайын және оқу жылының соңында есептелетін "пайыздық сапа" – нақты білім деңгейінің өлшемі емес. Өйткені бұл көрсеткіш "4" пен "5" алған оқушылар санының жалпы сыныптағы оқушы санына шаққандағы үлесі арқылы ғана шығарылады.
"Егер бір сыныптың пайыздық көрсеткіші 40 пайыз болып шықса, директордан сөз естимін. Ал директорға – білім бөліміндегілер, оларға – жоғары жақ қысым жасайды. Соның салдарынан төмен пайыз үшін мұғалімдер педкеңесте ұрыс естиді", – дейді ол.
Мұндай жағдайда мұғалім еріксіз пайызды көтерудің жолын іздейді. Бірақ барлық оқушының сабақты үздік оқуы мүмкін емес. Соған қарамастан, қысымнан құтылу үшін кей ұстаздар бағаны қолдан көтеруге мәжбүр болады.
"Аузын "а" деп ашқан балаға "төрт" қоя бастайсың. Себебі "төрттің" саны артса, пайыз да өседі. Келесі тоқсанда көрсеткіш 65-75 пайызға жетеді. Ұрыс жоқ. Мұғалімге жеңіл. Бірақ бұл – болашақ ұрпаққа жасалған қиянат. Өтірік баға көбейіп, білім сапасы төмендеп жатыр", – дейді педагог.
Сөз соңында Төлепберген Құдайберген пайыздық көрсеткіш үшін мұғалімдерге қысым көрсетілмесе, ұрыс пен сөгіс болмаса екен деген ұсынысын білдірді. Оның пікірінше, тек сонда ғана бағалау әділ болып, білімнің шынайы сапасына жол ашылады.