ШҚО-да өмір бойына сотталғандар бұрынғы қылмысы үшін тағы да өмір бойына жаза алды

28 желтоқсан, 2025 / Қайсар Қалам
Сурет: Polisia.kz

Полицейлер 1999 жылы Зайсан қаласында жасалған аса қатыгез қылмысты 26 жыл өткен соң ашты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Ол кезде екі қарулы ер адам мол олжаға кенелеміз деп, жергілікті тұрғынның үйіне баса-көктеп кірген. Алайда бағалы зат таппаған. Үй иелері сол сәтте үйде болған.

Қарақшылардың бірі 26 жастағы ер адамды пышақтап өлтірсе, 77 жастағы әйелді соққыға жығып, электр сымымен орындыққа байлап кеткен.

Қылмыс орнынан сыбайластар 12 калибрлі қосауыз мылтықты, «ИЖ-53М» пневматикалық тапаншасын және бейнемагнитофонды ұрлап әкеткен.

Қайғылы оқиғадан кейін полиция аса қауіпті қылмыскерлерді іздестіруге кіріскенмен, сол кезде олар ізін суытып, кінәлілер анықталмаған.

Арада жылдар өткен соң дәл осы екі ер адамның Зайсандағы қанды қылмысқа қатысы бар екені дәлелденді.

Белгілі болғандай, іс фигуранттары 2002 жылдан бері өзге де бірқатар қарақшылық шабуылдар мен кісі өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп келген.

– Облыстық полиция департаменті «Кісі өлтіру», «Қарақшылық», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Қару ұрлау» баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен жаза ішінара қосылып, әрбір сотталғанға қылмыстар жиынтығы бойынша мүлкін тәркілей отырып, төтенше қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы түпкілікті тағайындалды, – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.
 

Тэгтер:

қылмыс сот адам өлтіру