Қожамен – Нұрлан Сегізбаевпен қоштасу рәсімінде оның соңғы хаты оқылды

Бүгін, 16:42 / Arasha.kz
Qaz365.kz/Бауыржан Карипов

Жазушылар одағында өткен қоштасу рәсімінде марқұм Нұрлан Сегізбаевтың соңғы хаты көпшілікке оқылды. Актер, сценарист әрі кинодраматург бұл хатты өмірден өтерінен аз уақыт бұрын Қазақстан Жазушылар одағына арнайы жолдаған. Бұл туралы Qaz365.kz хабарлайды.

Хатында қаламгер 2026 жылдың 28 қаңтарында 75 жасқа толатынын, соның 65 жылын шығармашылыққа арнағанын атап өткен.

"Жаңадан келе жатқан 2026 жылы 28 каңтарда мен 75 жасқа толамын. Оның 65 жылы менің творчествалық мансабыма, қазақ драматургиясыны, әдебиеті және философия ғылымына арналды. Осы аралықта біраз еңбек етіп, олар жарық көрді. Көркем және деректі фильмдер түсірілді. Алдымнан шыққан сынақ, ауру мен сәтсіздіктерге қарамастан мен еңбек етуді тоқтатқан жоқпын", – деп жазды ол.

Марқұм хатында "Философиялық кеме" атты тарихи романын ерекше бөліп көрсеткен. Жылдар бойы жазылған бұл шығармада Шығыс пен түркі әлемінің тағдырына қатысты терең ой-толғамдар жинақталған.

"Бұл туынды ХХ ғасырдың басында Тұрандағы ұлы ойшылдар, ғалымдар, саясаткерлер мен журналистер жайлы. Тәуелсіз мемлекеттердің бой котеріп, жаңа идеологияның кұралып жатқан кезеңі туралы. Бұл қорланған Шығыстың қуатты Еуропаға берген жауабы болатын", – дейді ол.

Жазушы романында саяси астар жоқ екенін, басты мақсаты – тарихтың трагедиялық кезеңдерін шынайы түрде жеткізу болғанын да атап өткен.

"Бұл казаққа аз кайғы бермеген революциялық толқулар кезеңі еді. Жазушы ретінде уақыт пен саясатқа бет бұрмай осы ғасыр жайлы жаза алғаныма бақыттымын. Еткен еңбегімді болашақ ұрпақ бағалайды деп үміттенемін", – деп жазған Нұрлан Сегізбаев.

Соңғы хатында ол Қазақстан Жазушылар одағына да нақты өтінішін білдірген. Қаламгер романын кәсіби мамандардың оқып, талқылауына мүмкіндік беріп, қазақ тіліне аударып, халықаралық түркі мәдени кеңістігінде таныстыруды сұраған.

Айта кетейік, осы хаттан кейін арада бір күн өткенде марқұм Нұрлан Сегізбаев ресми түрде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанған.

Тэгтер:

қоштасу рәсімі Нұрлан Сегізбаев Менің атым Қожа