Қытайдағы бір ауылда жүктілік пен некесіз тұрғандарға айыппұл салынбақ

Бүгін, 09:01 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясында жергілікті ауылдық комитет бекіткен жаңа ережелер үлкен дау тудырды. «Ауыл жарғысы» деп аталған құжатта тұрғындарға некесіз жүкті болудан бастап, өзге өңірдің азаматтарымен отау құруға дейін ақшалай айыппұл салу көзделген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Некесіз жүктілік — 200 мың теңге айыппұл

South China Morning Post басылымының хабарлауынша, ауыл әкімшілігінің бұл бастамасы әлеуметтік желі қолданушыларын жағасын ұстатты. Атап айтқанда, жарияланған құжатта келесідей «салықтар» көрсетілген:

Некесіз жүктілік үшін: 3 000 юань (шамамен 219 405 теңге);

Басқа провинция тұрғынымен некелесу: 1 500 юань (109 702 теңге);

Ресми тіркеусіз бірге тұру: Жыл сайын 500 юань (36 567 теңге).

Тіпті, үйлену тойынан кейін 10 ай өтпей сәбилі болғандарға («тым ерте босану») және отбасылық жанжалға ауыл шенеуніктерін араластырғандарға да айыппұл салу ұсынылған. Сонымен қатар, басқа ауылдарда мас күйінде тәртіп бұзғандар немесе «өсек таратқандар» да жауапқа тартылмақ болған.

«1925 жыл ма, әлде 2025 пе?»: Желідегі наразылық

Бұл ережелер жарияланған бойда интернетте қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары ауыл басшылығының бұл әрекетін «ақшаға құнығу» және «орта ғасырлық сана» деп айыптады.

«Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? 1925 жыл ма, әлде 2025 пе? Мұндай ауылда қарапайым адамдардың тұруы мүмкін емес», — деп жазды пікір қалдырушылардың бірі. Көпшілік бұл талаптардың адам құқықтары мен ел заңнамасына мүлдем қайшы келетінін алға тартты.

Дау өршіген соң, Мэндин қаласының әкімшілігі жағдайға түсініктеме берді. Ресми өкілдің айтуынша, ауылдық комитеттің бұл хабарландыруы «өте оғаш» әрі негізсіз болған.

Қазіргі таңда шулы құжат барлық ақпараттық ресурстардан жойылды. Билік өкілдері мұндай заңсыз ережелердің күшіне енбейтінін және алдағы уақытта жергілікті басқару органдарының жұмысы тексерілетінін мәлімдеді.

Тэгтер:

Қытай айыппұл неке жүктілік