Кеше Анна Муленкова Facebook парақшасында төрт күн бұрын шетелдік студенттің оның мүгедектігі бар 17 жастағы қызын зорлауға әрекеттенгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Оның айтуынша, оқиға кешкі сағат жетіде бойжеткен емтиханнан үйіне қайтып келе жатқанда, қала орталығында (үйінің маңында) болған.
«Ол ешқашан ешкімге жамандық жасаған емес. Не үшін бізге бұлай істеп жатыр, айтыңыздаршы, ата-аналар? Қазір маған елшілік пен полиция тарапынан қысым көрсетіліп жатыр, олар өздерінің сасық ақшасына ауыр науқас қызымның арын сатып, істі жауып тастауды ұсынуда», — деп жазды әйел.
Муленкова әлеуметтік желі қолданушыларынан көмек сұрады. Ол жақсы адвокат табуды өтінді. Сондай-ақ ол басқа да зардап шеккендер бар екенін алға тартуда.
Полиция департаментінің мәліметінше, Үндістаннан келген студент ұсталған. Жәбірленушінің анасының арызы Алмалы аудандық полиция басқармасында тіркелді.
Қазіргі уақытта «тексеру жүріп жатыр».