Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесінің ұлттық энергетикалық жүйенің орнықтылығына арналған отырысы өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ақорданың жазуынша, кеңес барысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады.
Президент энергетикалық қауіпсіздік ел тәуелсіздігі мен экономикалық тұрақтылықтың негізгі тіректерінің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда электр энергиясын өндіруге қажетті ресурстар жеткілікті болғанымен, тұтыну көлемінің тұрақты өсуі қуат көздерін тиімді әрі ұтымды пайдалануды талап етеді.
Отырыс барысында электр энергиясын сұранысқа сай икемдеп өндіру мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, газ генерациясын дамыту, энергия сақтау жүйелерін енгізу және гидроэнергетиканың әлеуетін арттыру бағыттары өзекті екені айтылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы аграрлық секторда, өнеркәсіп пен экономиканың өзге де салаларында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолданудың маңыздылығына тоқталды. Саланың ғылыми-техникалық және кадрлық әлеуетін нығайту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Кәсіби мамандар даярлау гидроэнергетика бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту үшін аса қажет екені атап өтілді.
Жиын қорытындысы бойынша Президент Үкімет пен өңір әкімдеріне ұлттық энергетика жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге қатысты міндеттерді кешенді түрде шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.