"Сүйінші, ағайын": Еліміздің бас педагогы барша мұғалім асыға күткен хабарды айтты

Бүгін, 13:31 / Arasha.kz
parlam.kz. Суретте: Жұлдыз Сүлейменова

Мұғалімдерді аттестаттау жүйесінде көптен бері сынға ұшырап келе жатқан талаптардың бірі – авторлық бағдарлама жазу міндеті алынып тасталуы мүмкін. Оқу-ағарту саласындағы уәкілетті орган бұл талаптың күткен нәтижені бермегенін ресми түрде мойындады. Құжат айналымы көбейгенімен, білім сапасына нақты ықпал болмаған, деп хабарлайды Arasha.kz.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау тәртібін қайта қарау жұмысын бастады. Министрлік бастамасымен саладағы нормативтік-құқықтық актілерге кешенді талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен тәжірибелі әрі белсенді ұстаздар тартылған. Олар бұрын қабылданған бұйрықтардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігін, өзара үйлесімін және педагогтерге түсетін әкімшілік жүктеменің деңгейін жан-жақты сараптайды. Министрлік бұл процесті педагог қауымдастығымен ашық әрі бірлескен форматта өткізуді көздеп отыр.

Жұмыс тобы мүшелерімен өткен кездесуде Жұлдыз Сүлейменова аттестация талаптары қағаз толтыруға емес, мұғалімнің нақты кәсіби нәтижесіне бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

"Педагогтерге қойылатын талаптар олардың кәсіби шеберлігі мен нақты жетістігін көрсетуі керек. Ресми құжат айналымын азайтып, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беру маңызды. Осы бағытта сіздердің нақты ұсыныстарыңызды күтеміз", – деді ол.

Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылы сараптамаға ұсынылған 875 авторлық бағдарламаның тек 303-і ғана мақұлданған. Министрлік өкілдері бұл көрсеткіш аталған талаптың мұғалім уақытын алып, қағазбастылықты күшейткенін айқын көрсетеді деп отыр.

Тэгтер:

министрлік Жұлдыз Сүлейменова авторлық бағдарлама аттестация