Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды, деп Arasha.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған құжат қоғамда қызу талқыланған әрі ең даулы заң жобаларының бірі саналады. Заң аясында құқыққа қайшы деп танылған контенттің бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте және телекоммуникация арналары арқылы таралуына шектеу қойылады.
Атап айтқанда, депутаттар ЛГБТ тақырыбына қатысты семинарлар мен мастер-класстар өткізуге, сондай-ақ тікелей эфирлерге шығуға қарсы болды. Сонымен қатар мұндай тақырыптағы фильмдер мен бейнематериалдар көрсетілген жағдайда, олардың жекелеген фрагменттері алынып тасталуы мүмкін.
Заң талаптарын бұзған жағдайда 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу көзделген. Ал заң бұзушылық қайта қайталанса, он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылған.
Еске салайық, бұл заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты 18 желтоқсанда қабылдаған болатын.