Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бибісара Асаубаеваны блицтен әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Бибісара Асаубаева әлемдік шахмат тарихына үздік шебер және блицтен үш дүркін әлем чемпионы атанған Қазақстанның тұңғыш өкілі ретінде енді. Қазақстанның бүкіл шахмат қауымдастығы жаһандық аренада еліміздің туын биікке көтерген отандасымызды лайықты мақтан тұтады. Бибісара Асаубаеваның халықаралық турнирлердегі тамаша жетістіктерін және еліміздегі шахматтың дамуына қосқан қомақты үлесін ескере отырып, мен оны II дәрежелі «Барыс» орденімен наградтау туралы шешім қабылдадым», — делінген құттықтауда.
Спорт және дене шынықтыру комитетінің мәліметінше, спортшы турнирді мүмкін болған 15 ұпайдың 11-ін жинап аяқтады.
Екінші орынды Анна Музычук (Украина) иеленсе, үшінші орынды Элайн Роберс (Нидерланды) пен Чжу Цзиньэр (Қытай) өзара бөлісті.
Бұл жеңіс Асаубаеваға 2026 жылғы үміткерлер турниріне қатысу құқығын берді.