Қазақстан Президенті ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшыларына үндеу жолдады

Бүгін, 10:50 / Қайсар Қалам
Сурет: Ақорда

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ ұйымына төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының ең маңызды тезистерін ұсынамыз. Еуразиялық экономикалық одақ ұйымына төрағалық ету жылында Қазақстан Республикасы келесі негізгі бағыттарға назар аударуды ұсынады:

Жасанды интеллект – экономикалық интеграцияны дамытудың жаңа құралы

«Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттау және оларды еуразиялық экономикалық интеграцияның негізгі факторына айналдыру. Қазақстан Республикасы өзінің алдына стратегиялық міндет – толыққанды цифрлық елге айналу мақсатын қойды. Мемлекеттік бастамалар – Астанадағы Alem.ai орталығы және Алатаудағы CryptoCity пилоттық аймағы – біздің цифрлық экожүйені белсенді дамытуға дайын екенімізді көрсетеді».

«Қазақстан ЕАЭО бойынша серіктестерімен жасанды интеллект, цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайын. Бірлескен күш-жігермен біз жаңа технологиялық шындыққа тиімдірек бейімделе аламыз. 2026 жылы Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық форум аясында ЕАЭО шеңберінде жасанды интеллектті жауапты дамыту туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюды ұсынамыз».

Еуразияның логистикалық хабы: әлеуеттен көшбасшылыққа

«Еуразиялық экономикалық одақ – бұл Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы геосаяси көпір. Біздің елдеріміздің аумағы арқылы негізгі транзиттік бағыттар өтеді. Осыған байланысты біз ортақ мақсатты ұстануымыз керек – құрлықтағы жетекші логистикалық хабқа айналу».

Ол үшін көлік-логистикалық және кедендік инфрақұрылымды жетілдіру, халықаралық көлік дәліздері мен мультимодальды тасымалдарды дамыту, сондай-ақ ЕАЭО-ның және үшінші елдердің ірі логистикалық компанияларының тығыз іс-қимылы бойынша кезек күттірмейтін шаралар қабылдау қажет.

Технологиялық серпіліс: өнеркәсіп пен АӨК-ті цифрландыру

«Өнеркәсіп және агроөнеркәсіптік кешен – бұл ЕАЭО-ға мүше елдердің экономикалық негізі. Біздің ортақ міндетіміз – әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығару үшін кооперацияны кеңейту және тереңдету. ЕАЭО-да өнеркәсіпте де, АӨК-те де кооперациялық жобаларды қаржыландыру тетіктері жасалған. Бірінші кезекте біз қаражатты серпінді инновациялық жобаларға бағыттауымыз керек».

Кедергісіз сауда – ЕАЭО жұмысының бұлжымас принципі

«Әкімшілік кедергілер жасау тәжірибесін жою қажет. Сауданы және жекелеген салалардың дамуын тежейтін барлық жасанды шектеулер, азаматтардың қозғалысына тыйым салу және шекаралардағы жүк көліктерінің кезегі өткен күннің еншісінде қалуы маңызды. Кедендік реттеу және мемлекеттік бақылаудың өзге де шаралары (көліктік, санитарлық, ветеринарлық және фитосанитарлық) ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтеріне қысым жасау құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс».

Сауданың жаңа географиясы: жаһандық диалог

«ЕАЭО сыртқы серіктестермен экономикалық ынтымақтастықты белсенді арттыруды жалғастыруы тиіс. 2025 жылы Моңғолиямен және Индонезиямен еркін сауда аймағы туралы келісімдерге, сондай-ақ БӘӘ-мен экономикалық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Бұл – мүше мемлекеттер мен Комиссияның бірлескен жұмысының нақты нәтижесі. Болашақта ЕАЭО-ның Жаһандық Оңтүстік, Араб әлемі, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдерімен, сондай-ақ беделді өңірлік бірлестіктермен байланысын кеңейту орынды».

«Бірлескен күш-жігермен ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткізуге, сонымен бірге ЕАЭО-ға мүше елдер экономикаларының серпінді дамуын және біздің интеграциялық бірлестігіміздің ортақ әлеуетін нығайтуды қамтамасыз етуге болатынына сенімдімін», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.
 

Тэгтер:

тоқаев ЕАЭО үндеу