Мобильді аударымдарды бақылау тәртібі жаңарды

Бүгін, 11:31 / Қайсар Қалам
Сурет: pexels

2026 жылдың қаңтарынан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарды әкімшілендірудің жаңа талаптары күшіне енеді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Гүлден Хасенова мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 12 қарашада Қаржы министрінің бұйрығымен мобильді аударымдарға қатысты өзгерістер бекітілген. Соған сәйкес, 2026 жылдан бастап мобильді аударымдар бойынша түсімнің жаңа шекті мөлшері енгізіледі. Ол — 12 ең төменгі жалақы көлемі.

Бұған дейін кәсіпкерлік қызмет белгісі ретінде үш ай қатарынан әртүрлі 100 адамнан 100 және одан да көп аударым түсуі ғана есепке алынатын. Енді бұл талапқа қосымша ретінде түсім сомасының лимиті де қарастырылады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың түсіндіруінше, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап мобильді аударымдарды бақылау үш критерий бойынша жүзеге асады. Бұрын екі фактор — әртүрлі 100 адамнан үш ай қатарынан аударым алу жеткілікті болса, енді үшінші көрсеткіш енгізілді. Ол — түсім сомасының 12 АЕК-тен, яғни шамамен 1 млн теңгеден асуы.

Осы үш талап бірдей орындалған жағдайда ғана мобильді аударымдар бақылауға алынады. Мәселен, бір адамның шотына 5 немесе 10 млн теңге екі-үш адамнан түссе, бұл бақылауға жатпайды. Сондай-ақ, аударымдар үш ай қатарынан — қаңтар, ақпан, наурыз айларында тұрақты түрде түсуі қажет.

Айта кетейік, бұған дейін мобильді аударымдары күдікке ілінген азаматтарға салық органдарынан қандай хабарлама жіберілетіні туралы да хабарланған болатын.
 

Тэгтер:

салық кіріс Мобильді аударым