"Мен баламды азапқа салдым... Бекер айтқан екенмін" – Асанәлі Әшімов (ВИДЕО)

3 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
ашық дереккөзден

Кинодағы ең алғашқы қадамын Сағи Әшімов "Өз дәніңді өсір" фильміндегі Қалам бейнесімен бастаған. Одан кейін "Мазасыз балаларда" – әкім, "Ойлануға бір айда" – Арыстан, "Қаралы сұлуда" – қызметші, "Айсұлу жайлы аңызда" – Тәуекел хан, төрт сериялы "Шоқан Уәлиханов" телефильмінде – Шоқан, ал қазақтың тұңғыш көпсериялы "Тоғысқан тағдырлар" телефильмінде Темір Сабыров рөлдерін сомдап, көрерменге кеңінен таныла түсті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тоғызыншы сыныптан бастап киноға түскен Сағи шамамен 30-ға жуық фильмде түрлі мінезді, әрқилы образдарды экранға шығарған. Дегенмен оның шығармашылық тағдырындағы ең биік белес – Шоқан бейнесі болды. Бұл рөлді небәрі 22 жасында сомдап, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Аталған фильмнің режиссері – әкесі, Асанәлі Әшімов еді. Алайда Асағаң бастапқыда: "Сағиды бұл рөлге алмаймын", – деп қасарысқан.

Түсіру тобының өзге мүшелері бұған үзілді-кесілді қарсы болып, "Сағидан басқа актер түспесе, біз де жұмыс істемейміз" деген талап қойған. Осылайша режиссер амалсыздан ұлымен бірге жұмыс істеуге келіседі.

Әкесі режиссер болған фильмде ойнау Сағи үшін оңайға соқпаған. Ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылып, тәулігіне бар болғаны 4-5 сағат қана көз іліп, түсірілім кезінде 8 келі салмақ тастаған.

Бұл тұста Асағаның анасы Тәжіхан да алаңдаушылық білдіріп: "Сағиды неге осы рөлге саласың? Әлдеқашан сүйегі қураған әруаққа тимесеңдерші, жаман ырым ғой", – деп шыр-пыр болған екен. Сол сәтте анасының сөзін елемеген Әшімов кейін бұл жайтқа өкінішпен қарайтынын да жасырмаған.

"Мен баламды азапқа салдым. Бірде оған қалжыңдап: "Ендігі межең – Абылай", – дедім. Сағи болса: "Шоқаннан ауыр бола қоймас", – деді. Осы сөзді бекер айтқан екенмін. Менің өмірімде болжап айтқан сөзім ылғи кері орындалатын. Балаларым мені ешқашан "папа" деген емес, "аға" дейтін. "Папа" дегізуге шешемнен батпадым. Сағи: "Аға, сізбен бірге үлкен бір рөлде ойнасам арманым жоқ", – дейтін. Бізге арналған киносценарий де дайын еді, тек үлгермеді. Сценарий желісі бойынша мен – суы тартылып қалған Арал теңізіндегі кеменің капитаны, ол ғарышкердің рөлін ойнайтын. Біріміз – туған топырағынан табан тайдырмайтын әкені, біріміз – арманы асқақ баланы сомдайтын болғанбыз. Ол да кері кетті", – дейді Асаға.

"Сағи Шоқанды сомдап, Шоқан тағдырын құшқан актер" деген досы Әмір Смайыловтың сөзін еріксіз тілге тиек етуге тура келеді. Шоқан Уәлиханов – 30, оның экрандағы бейнесін сомдаған Сағи – 38 жыл ғұмыр кешіпті…

Тэгтер:

видео Асанәлі Әшімов Сағи Әшімов Шоқан Уәлиханов