ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Qazaqstan ұлттық арнасының "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында мектептегі фундаментальді пәндердің маңызы, пәндерді біріктіріп оқытудың не себепті тоқтатылғаны және жалпы білім беру стандартын қайта қарау жөніндегі шешім туралы айтты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Министрдің сөзінше, мектеп жасында оқушы фундаментальді пәндер арқылы берік білім негізін қалыптастырады.
"Жалпы, мектеп жасында балалар фундаменталды пәндерден өздерінің толыққанды білім негіздерін қалыптастырады. Аталған білім негіздері баланың алдағы уақытта мамандық таңдауына әсер етеді. Тіпті гуманитарлық салаға барған күннің өзінде де жаратылыстану-математика бағытындағы пәндер баланың санасының дамуына, қоғамдағы барлық құбылысты терең зерделей білуіне негіз болады. Сондықтан педагог ретінде, білім саласының маманы ретінде мен бұл реформаға басынан бастап қарсылық білдірген болатынмын. Қазір аталған реформа тоқтатылды. Бұл пәндер біріктірілмейтін болды", – деді Жұлдыз Сүлейменова.