Астанада көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған Әсел Досаеваның ісін қарау басталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Әсел Досаева осыдан бірнеше ай бұрын мас күйінде рөлге отырып, полицияға ұсталған болатын. Патрульдік полиция оның Mazda 6 автокөлігін тоқтатқан. Сараптама оның қанында алкоголь барын растады, сонымен қатар жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені анықталды. Көлік айып тұрағына қойылғанымен, судьяны бірден жазалау мүмкін болмады — ол кезде оның судьялық иммунитеті бар еді. Кейінірек Бас прокуратура Президенттің атына Досаеваны әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс жолдады.
Ulysmedia.kz порталының жазуынша, сот отырысы 31 желтоқсанға жоспарланған, алайда қосымша материалдар жинау үшін отырыс кейінге шегерілді.
Әсел Досаева осыдан бір жыл бұрын Маңғыстау облысынан Астанаға ауысып келген, ол жақта аудандық сотта қызмет атқарған. Бұл ауысу оның мансаптық өсуі ретінде бағаланған еді. Ал қазіргі оқиға Фемида өкілінің беделіне үлкен нұқсан келтірді.