Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, сондай-ақ базалық және ынтымақты зейнетақылар 10%-ға артты, деп хабарлайды Arasha.kz.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың барлық түрі, базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ҚР Ұлттық банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 10%-ға ұлғайтылды», — делінген дүйсенбі күні таралған хабарламада.
Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл бойы базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру шаралары жүргізілуде. Оған сәйкес ең төменгі базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 70%-ына дейін, ал ең жоғарғысы 120%-ға дейін өседі.
Мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:
Ең төменгі базалық зейнетақы — 35 596 теңге (күнкөріс деңгейінің 70%-ы);
Ең жоғарғы базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 110%-ынан 118%-ына дейін артып, 60 005 теңгеге жетті.
Министрлік нақты мысал келтірді:
«Мәселен, 2019 жылы құрметті демалысқа шыққан 70 жастағы зейнеткердің 2025 жылы бюджеттен алатын зейнетақысы 171 588 теңгені (базалық зейнетақы – 50 851 тг, ынтымақты зейнетақы – 120 737 тг) құраған. Ал 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл азаматтың жалпы зейнетақысы 192 816 теңгеге дейін өседі. Оның ішінде базалық зейнетақы – 60 005 теңге, ынтымақты зейнетақы – 132 811 теңге болады. Бұл сомаларға БЖЗҚ-дан төленетін төлемдер кірмейді».
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың өсу үлгісі:
Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы: бірінші, екінші және үшінші балаға 149 416 теңгеден 164 350 теңгеге дейін, төртінші және одан кейінгі балаларға – 247 716 теңгеден 272 475 теңгеге дейін өсті.
Көпбалалы отбасыларға берілетін төлемдер: 4 баласы бар отбасылар үшін 63 030 теңгеден 69 330 теңгеге дейін, ал 10 баласы бар отбасылар үшін 157 280 теңгеден 173 000 теңгеге дейін ұлғайды.
Мүгедектігі бар жандарға арналған жәрдемақылар:
I топ үшін – 101 702 теңгеден 111 872 теңгеге;
II топ үшін – 81 362 теңгеден 89 498 теңгеге;
III топ үшін – 55 474 теңгеден 61 021 теңгеге дейін өсті.
Сондай-ақ, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) асыраушысынан айырылуына және еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты төленетін төлемдер де 10%-ға артты. Бұл қаражат бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде төленеді.
«Төлем мөлшері әр адамға жеке есептеледі және ол соңғы екі жылдағы орташа айлық табысқа, еңбекке қабілеттіліктен айырылу коэффициентіне, асырауындағы адамдар санына және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады», — деп түйіндеді министрлік.