Алматы облысында тұратын бір отбасының жағдайы қоғамда алаңдаушылық туғызды. Бұл туралы танымал журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналистің айтуынша, Қарасай ауданының тұрғыны оған хабарласып, көмек сұраған. Оның сөзінше, көршісі жуырда Қаскелең қаласындағы ауруханада төртінші баласын дүниеге әкелген. Алайда босану кезінде медициналық қызметкерлер тарапынан ақша талап етілгені жөнінде шағым айтылған.
"Алайда дәрігерлер көпбалалы анадан ақша талап еткен деген уәж айтылады. Осы мәселені анықтау үшін отбасының үйіне барғанда, жағдайдың бұдан да күрделі екені белгілі болды. Үйдің тұңғыш қызын өгей әкесі 13 жасында тұрмысқа берген көрінеді. Қыз мектепте 3-ақ сынып қана оқыған. Ал екінші қыз қатарластарынан 3 жылға қалып қойып, қазір 4-сыныпта оқып жүр. Негізі 7 сыныпта оқуы керек екен.
Бұл қыздың есімі – Фатима. Айтуынша, өгей әкесі оны 13 жасында 30 жасар жігітке тұрмысқа берген. Небәрі үш сыныптық білімі бар. Бұл отбасыда балалар мектепке уақытылы бармаған. Себебі әкелері бір партада ұл мен қыздың отыруын «харам» деп қабылдап, қыздарын мектепке бермеген. Күні кеше Фатиманың анасы төртінші баласын босанды. Ал әкелерінен хабар жоқ. Қыздардың айтуынша оның бір емес бірнеше отбасысы бар көрінеді", – деп жазды Руслан Өтепбай.