Қайырымдылыққа жиналған ақшаны талан-таражға салды деп айыпталған ерлі-зайыпты Дәулет және Толқын Тотақановтарға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Сот үкімімен ерлі-зайыпты Т. ҚР Қылмыстық кодексінің 218-бабы 2-бөлігі 2-тармағы (қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)) және 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылды. Жазаларды ішінара қосу арқылы олардың әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға 10 жыл мерзімге қайырымдылық жинаумен айналысуға тыйым салынды, мүліктері тәркіленіп, жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды. ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігі негізінде, асырауында кәмелетке толмаған баласы бар сотталған Т.-ға жазасын өтеу екі жылға кейінге қалдырылды», — деп хабарлады жұма күні Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Соттың анықтауынша, 2020-2024 жылдар аралығында ерлі-зайыпты Т. 2019 жылы туған ұлының еміне жүйелі түрде ақша жинауды ұйымдастырған. Балаға бірқатар күрделі диагноздар қойылған. Қаражат жинау үшін ерлі-зайыптылар әлеуметтік желілерде таргеттелген жарнаманы пайдаланған.
Нәтижесінде Т. мен оның анасының шоттарына жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңге түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңгесі қайырымдылық көмек ретінде жиналған. Алайда жиналған ақшаның басым бөлігі баланың еміне емес, ерлі-зайыптылардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Іс материалдарына сәйкес, ақша келесі мақсаттарға жұмсалған:
Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу:
Жалпы сомасы 47 млн теңгеге екі пәтер;
Жалпы сомасы 8 млн теңгеге жер учаскелері;
28 млн теңге тұратын Lexus RX 300 автокөлігі;
8,2 млн теңге тұратын Hyundai Santa Fe автокөлігі;
15 млн теңге тұратын Toyota Camry 75 автокөлігі;
Toyota Land Cruiser Prado 150 автокөлігі (сомасы анықталуда).
Брендтік тауарлар мен құмар ойындар: 9,7 млн теңге;
Facebook Ads жарнама платформасына: млн-даған теңге;
Борыштық міндеттемелерді өтеуге: 349,5 млн теңге.
«Жиналған миллиардтардың тек 6,4 млн теңгесі ғана баланың еміне жұмсалған», — деп атап өтті сот.
Бұдан бөлек, сот Тотақановтардың әрекетінде қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру белгілері барын және депозиттік шоттардағы ақшадан пайыздар түрінде табыс алғанын анықтады.