Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне қабылданды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Жақында «ПГУ Түркістан» ЖШС парақшасында Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-да жұмыс істейтіні туралы жаңа жазба жарияланды.
NUR.KZ сайтының жазуынша, Ғабидолла Әбдірахымовтың расымен де аталған акционерлік қоғамда жұмыс істеп жатыр, бұл қызметке 2025 жылғы 29 желтоқсанда келген. Оның лауазымы — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары.
«Ғабидолла Әбдірахымовтың экономикалық және басқарушылық білімі бар, оның ішінде "Болашақ" бағдарламасы бойынша алған мемлекеттік әкімшілендіру магистрі дәрежесі бар. Мемлекеттік қызмет жүйесінде, Президент Әкімшілігінде, ҚР Үкіметінде басшылық лауазымдарды атқарған, сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі және Мәдениет және спорт вице-министрі болып жұмыс істеген. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған», — делінген хабарламада.
Әбдірахымов Шымкент қаласын 2015-2017 жылдар аралығында басқарды. 2018 жылы ол Шымкент әкімі лауазымына қайта тағайындалып, бұл қызметті 2019 жылдың жазына дейін атқарды.