Атырау облыстық полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды

9 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
gov.kz. Суретте: Оңал Бекеев

Атырау облысының полиция департаментіне жаңа басшы тағайындалды. Бұл қызметке Оңал Ботайұлы Бекеев тағайындалды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Тиісті кадрлық шешім ішкі істер органдары жүйесінде қабылданды.

Оңал Ботайұлы Бекеев 1975 жылдың 21 қаңтарында Алматы облысында (ҚазКСР) дүниеге келген. Бірнеше бағыт бойынша жоғары білім алған. Атап айтқанда, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2002 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетін, ал 2014 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін тәмамдаған.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 1998 жылы бастаған. Осы жылдар ішінде инспекторлық қызметтен бастап, ІІМ орталық аппаратының басшылық лауазымдарына дейінгі еңбек жолынан өткен. Әр жылдары үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінде аға инспектор және полк командирінің орынбасары, ІІМ кадр бөлімшелерінің басшысы, Астана қаласының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жетекшісі қызметтерін атқарды. Сондай-ақ Алматы облысы ІІД бастығының орынбасары және ІІМ көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары болды.

2019 жылғы қазаннан 2022 жылғы қарашаға дейін Қазақстан Республикасы ІІМ-нің көліктегі полиция департаментін басқарды. Ал 2022 жылғы қарашадан бастап ҚР Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарып келді.

2021 жылғы 6 мамырда Оңал Ботайұлы Бекеевке полиция генерал-майоры арнайы атағы берілді.

Тэгтер:

Атырау облысы Оңал Бекеев Атырау облысының полиция департаменті