"Бұл істі жалғыз өзі жасамады": Атыраудағы трагедияға күдікті туралы ел күтпеген дерек тарады

9 қаңтар, 2026 / Ахмет Қанатұлы
kznews.kz коллажы

25 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелді ауылында бір отбасының із-түзсіз жоғалғаны белгілі болды. Tengrinews.kz тілшісі жоғалған жандардың туыстарымен тілдесіп, оқиғаның мән-жайына қатысты тың деректерді анықтады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Туысы Асила Мұқанғалиеваның айтуынша, ол ағасымен соңғы рет 2025 жылдың қазан айында байланысқан. Ағасы жұбайымен бірге үш баланы – екі қыз бен бір ұлды тәрбиелеп отырған. Кенже қызы күйеуімен көршілес Махамбет ауылында тұрған.

Ерлі-зайыптылар үшінші топтағы мүгедек ретінде зейнетақы алып, күнкөрісін мал шаруашылығымен қамтамасыз еткен.

"Ағам мен жеңгем өте қарапайым, мейірімді жандар еді. Ешкіммен жауласпаған, ешкімге жамандық жасамаған. Тек зейнетақысына қарап, мал бағып күн көрді", – дейді туысы.

Жақындарының айтуынша, қайғылы оқиға кенже қыз бен оның күйеуінің ата-анасының үйіне келгенінен кейін орын алуы мүмкін. Асила Мұқанғалиеваның сөзінше, жоғалған жандарды соңғы рет көрген адам – олардың күйеу баласы.

"Ауыл тұрғындары күйеу баланың інім мен қарындасымды таксиге отырғызып, алып кеткенін көргенін айтты. Сондықтан біз оны күдікті деп санаймыз. Менің ойымша, ол бұл істі жалғыз өзі жасамады, басқа адамдар да қатысуы мүмкін", – деді ол.

Туыстарының мәліметінше, бұған дейін ерлі-зайыптылар мен күйеу баланың арасында ешқандай жанжал болмаған, отбасының өзге туыстарымен де кикілжің тіркелмеген.

Тэгтер:

Атырау облысы отбасы жоғалған отбасы