Ирандағы КСИР сарбаздарының өлімі: наразылық өрши түсті

9 қаңтар, 2026 / Қайсар Қалам
Сурет: ашық дереккөзден

Иранда инфляцияның өсуі мен ұлттық валютаның (риал) құнсыздануынан туындаған үкіметке қарсы наразылықтар Тегеранға дейін жетті, деп хабарлайды Fars агенттігі. Tasnim мәліметінше, тәртіпсіздіктер салдарынан Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) екі әскери қызметкері қаза тапқан, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Ирандағы шерулер, тәртіпсіздіктер мен бүліктер түсірілген кадрлар жарияланған болатын. Акция барысында қатысушылар елдегі қазіргі саяси жүйеге қарсы ұрандар тастады.

Fars агенттігінің хабарлауынша, ирандық оппозиция көшбасшысы, 1979 жылы тақтан тайдырылған Иран шахының ұрпағы Реза Пехлеви халықты жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де көшеге шығуға шақырған. Осыдан кейін Тегеранның кейбір аудандарында адамдардың шоғырлануы байқалды. Наразылықтар «шектеулі сипатта» болды, ал оған қатысушылар негізінен «Пехлеви билігі мен диктатурасын көрмеген» жастар екені айтылуда.

Экономикалық талаптар және интернеттің бұғатталуы

Агенттік саяси ұрандардың «айтарлықтай қолдау таппағанын» атап өтті. Тұрғындардың басым бөлігі республикадағы ауыр экономикалық жағдайға наразылық білдірген. NetBlocks мониторинг қызметі толқулар аясында Иранда интернеттің толықтай өшірілгенін хабарлады.

Сонымен қатар, Tasnim агенттігі Керманшахта наразылық білдірушілердің қолынан КСИР-дің екі әскери қызметкері — Мохсен Джамали мен Мохаммад Шейдаи қаза тапқанын жазды. Бұдан бөлек, Казвин қаласында наразыларды балағат сөздер айтпауға шақырған қарусыз қауіпсіздік қызметкеріне шабуыл жасалған.

Халықаралық реакция

АҚШ президенті Дональд Трамп радиожүргізуші Хью Хьюиттпен сұхбатында, егер тәртіпсіздік кезінде наразылық білдірушілер қаза тапса, Иранға «өте жойқын соққы» берілетінін тағы да ескертті. Ол Вашингтонның аймақтағы жағдайды жіті қадағалап отырғанын қадап айтты.

Бұған дейін Трамп егер Иранның қауіпсіздік күштері акцияға қатысушыларды өлтіретін болса, АҚШ-тың «көмекке келетінін» мәлімдеген. Тегеран бұған жауап ретінде Таяу Шығыстағы американдық базаларға соққы беретінін айтып сес көрсетті.

Желтоқсан айының соңынан бері жалғасып жатқан толқулар шамамен 100 қаланы қамтыды. Пехлеви бұл жағдайды режимді өзгертуге арналған «тарихи мүмкіндік» деп атаса, Иран билігі наразылықтарды «сыртқы қастандықтың» нәтижесі деп мәлімдеді. Иранның жоғарғы көшбасшысы Али Хаменеи «бүлікшілерді сабасына түсіру керек» деп, «жауға есе жібермейтініне» уәде берді.
 

Тэгтер:

наразылық Иран толқу