Париж маңынан 38 жастағы ресейлік журналистің мәйіті табылды. Бұл ақпаратты журналист Денис Балашов Telegram арнасында жариялаған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Журналист ауыр хәлде ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады. Le Parisien басылымының мәліметінше, марқұмның пәтерінен орыс тілінде жазылған бірнеше хат табылған. Сондай-ақ терезе жанында орындық тұрғаны анықталса, қоқыс жәшігінен есірткіге ұқсас заттар шыққан.
Оқиға кезінде пәтерде журналистің көршісі болған. Алайда тілдік кедергінің салдарынан полиция одан толыққанды жауап ала алмаған. Құзырлы органдар көршінің бұл іске тікелей куәгер болған-болмағанын нақтылай алмады.
BFM TV таратқан ақпаратқа сәйкес, қазаға дейін аз уақыт бұрын журналист жақындарына хат жазып, өзін хакерлік шабуылдың құрбаны болғанын айтқан. Ол әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі аккаунттарының бұзылғанын, сондай-ақ телефонына зиянды бағдарламалар орнатылғанын жеткізген. Францияда тұратын Денис Балашов та бұл мәліметті растаған. Оның айтуынша, хакерлік шабуылдар журналистің психологиялық жағдайына ауыр әсер еткен.
Сонымен қатар, Le Parisien тергеуге жақын дереккөздерге сүйене отырып, марқұмға өліммен қорқытқан хабарламалар келуі мүмкін екенін жазды. Қазіргі таңда Франция полициясы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал француз бұқаралық ақпарат құралдары қаза тапқан адамның аты-жөнін ресми түрде жариялаған жоқ.