Жангелдинде жоғалған жанұяға қатысты іздестіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр

11 қаңтар, 2026 / Arasha.kz
ашық дереккөзден

Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылынан жоғалған тұрғындар ісі бойынша іздестіру және тергеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Қазіргі таңда негізгі шаралар күдікті бұрын тұрған Геолог ықшамауданында жүргізіліп жатыр, деп Arasha.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Наурыз бен Мирамгүлді іздеу жұмыстары бес күннен астам уақытқа созылған. Аталған аумақта полиция мен Ұлттық ұланның шектеулі күші жұмылдырылып, арнайы жылжымалы штаб құрылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұған дейін ауқымды іздестіру шаралары атқарылғанымен, тергеу барлық бағытта жалғасып жатыр.

Полиция қызметкерлерінің бірі аты-жөнін атамауды сұрап, істі тергеу барысында барлық ықтимал нұсқалар қарастырылып жатқанын айтты. Соның ішінде күдіктінің бұрын тұрған жеріне қатысты болжам да басты назарда.

Бұл аумақтың тексерілуі де бекер емес. "Ақ Жайық" басылымының дерегінше, күдікті Сұлтан Сәрсемалиев пен жұбайы Ақбаян осы ықшамауданда айына 50 мың теңгеге уақытша баспана жалдап тұрған. Ерлі-зайыпты сол үйде біраз уақыт өмір сүрген. Аудандағы үйлердің бір бөлігі бос тұрса, енді бірі жалға берілген.

Үйдің ішінен тергеу жүргізілгені айқын байқалады: бөлмелер мұқият тексерілген, кейбір заттар орындарынан қозғалған. Бөлменің ортасында кілем жинаулы жатыр, ал терезе жақтауларында пломбаны алғаннан кейін қалған қызыл бояудың ізі сақталған.

Аула мен оның маңайында бұрын жүргізілген іздестіру жұмыстарының белгілері бар. Кей жерлер қазылып, арнайы техниканың іздері байқалады. Бұған дейін жер астындағы нысандарды анықтауға арналған георадар қолданылған. Бұл құрал Орал қаласынан жеткізіліп, аула, маңайдағы жер телімдері мен үй айналасы толық тексерілген.

Ауданның құрылысы біркелкі емес, саяжай аумақтарымен шектеседі. Мұнда бейнебақылау камералары өте аз, ал көршілердің камералары бейнежазбаларды небәрі 15 күнге дейін ғана сақтайды. Бұл оқиғаның нақты хронологиясын қалпына келтіруді қиындатып отыр.

Көршілес үйлерде Өзбекстан азаматтары тұрады. Олардың айтуынша, ешқандай күмәнді жағдай байқалмаған. Тергеу барысында ықшамауданның өзге тұрғындары да сұралған, барлығы дерлік жанжал, шу немесе оғаш әрекеттерді көрмегенін айтқан.

Көршілер жоғалған отбасын тұйық, көпшілікпен араласа бермейтін адамдар ретінде сипаттайды. Олар сыртқа сирек шығып, айналасындағылармен байланыс орнатпаған.

Іздеу барысында аула мен маңай толық тексеріліп, қазу жұмыстары жүргізілген, шөп пен қамыс шабылған. Алайда әзірге нақты нәтиже жоқ. Жұмыстың күрделене түсуіне аумақтың далаға жақын орналасуы, теміржолдың болуы, лайлы жер мен ауа райының қолайсыздығы әсер етіп отыр.

Ресми мәліметке сәйкес, тергеу барлық ықтимал нұсқаларды қарастыруда. Дегенмен жүргізіліп жатқан шаралар жоғалған адамдардың қаза болуы мүмкін деген болжамға көбірек мән беріліп отырғанын аңғартады.

Іздеу және тергеу жұмыстары жалғасуда.

Тэгтер:

Атырау облысы жоғалған отбасы жанұя