1972 жылы Пьерлатт қаласындағы уранды қайта өңдейтін француздық Eurodif зауытының мамандары Габондағы Окло кен орнынан алынған руда құрамынан аномалия тапты, деп хабарлайды Arasha.kz.
New Atlas басылымының мәліметінше, уран-235 изотопының концентрациясы табиғи уран үшін стандартты 0,720%-дың орнына 0,717%-ды құраған. Бұл 0,003%-дық ауытқу уран рудасының ядролық бөліну процесінен өткенінің алғашқы дәлелі болды.
Физик Фрэнсис Перрин жыныс үлгілеріне егжей-тегжейлі зерттеу жүргізді. Талдау нәтижесінде тек ядролардың бөліну реакциясы кезінде ғана түзілетін изотоптық маркерлер анықталды. Осыдан кейін кен орнына жасалған экспедициялар Окло ауданында жер астында табиғи ядролық реакторлардың жұмыс істегенін растады. Геологтар олардың жасын екі миллиард жыл деп белгіледі.
Ол кезеңде табиғи шоғырлардағы уран-235 концентрациясы 3 пайызға жететін. Уран қабаттарына сіңген жер асты сулары нейтрондарды баяулатқыш қызметін атқарған.
Процесс қалай жүрді? Судағы сутегі атомдары уран ыдыраған кезде бөлінетін нейтрондардың жылдамдығын төмендетіп, бөлінудің тізбекті реакциясын іске қосқан. Реакциядан бөлінген қызу суды буландырып жіберіп, процесс жер асты суларының келесі ағыны келгенше тоқтап тұрған. Осылайша, реакторлар жүздеген мың жыл бойы циклдік түрде жұмыс істеп келген.
Геологтар Окло аумағында және көршілес Бангомбе учаскесінде 15 реакторлық аймақты анықтады. Әрбір аймақ шамамен 100 киловатт жылу қуатын өндіріп отырған.
Оклодан алынған жыныс үлгілері Венадағы Жаратылыстану тарихы мұражайына тапсырылды, олар 2019 жылдан бері сонда сақтаулы. Халықаралық атом энергиясы агенттігі (МАГАТЭ) бұл олжаны радиоактивті материалдардың ұзақ мерзімді әрекетін зерттеу үшін пайдалануда.