Астананың жедел медициналық жәрдем станциясында 850 млн теңге жымқыру дерегі анықталды

Бүгін, 12:01 / Қайсар Қалам
Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Елорда прокурорлары жедел медициналық жәрдем станциясында жымқыру фактілерін анықтағандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
 
Елорда прокуратурасы Астана қаласы бойынша ҰҚК-нің департаментімен бірлесіп 2020-2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясының бюджет қаражатын жымқыру схемасының жолын кесті.

«Арнайы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Прокурорлар санитарлық автокөліктің бөлшектерін заңсыз есептен шығару және жалған қызмет көрсету шарттарын жасасу фактілерін анықтады. Соның нәтижесінде жұмыс істейтін автокөліктердің саны азайып, қалғандары қосалқы бөлшектерді жымқыру салдарынан пайдаланудан шығарылған», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта «103» автопаркі толығымен қалпына келтірілді.

Аталған жайт бойынша 4 қызметкер, оның ішінде 2 орта буынды басшылар мен станция директоры ұсталған.

«Көрсетілген тұлғалардың әрекеттерінен мемлекетке 850 млн теңге сомасында аса ірі залал келтірілген. Олардың іс-әрекеттері Қылмыстық кодекстің «Кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған аса ірі мөлшерде бірнеше рет иемденiп алу», яғни ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы, 189-бабы 3-бөлігі 1),2),3) тармақтары бойынша сараланды», - делінген хабарламада.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.
 

Тэгтер:

жедел жәрдем прокуратура ақша жымқыру