СҚО-дағы өрттен ер адам мен бала қаза тапты, тағы бір баланы іздестіру жұмыстары жалғасуда

Бүгін, 15:29 / Қайсар Қалам
Сурет: Рixabay

Солтүстік Қазақстан облысындағы өрт салдарынан ер адам мен бала қаза тапты, тағы бір баланы іздестіру жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«11 қаңтар күні кешкі уақытта Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданы Майбалық ауылындағы жеке тұрғын үйде өрт шықты. «101» пультіне хабарлама түскен бойда өртке қарсы қызмет бөлімшелері дереу оқиға орнына жіберілді. Құтқарушылар келген кезде үйдің толықтай отқа оранып, шатырының опырылып түскені анықталды. Үй иесінің айтуынша, өрт кезінде іште оның жұбайы мен екі кәмелетке толмаған баласы болған. Өртті сөндіру және үйінділерді тазалау барысында құтқарушылар ер адам мен бір баланың мәйітін тапты. Екінші баланы іздеу жұмыстары жалғасуда», — делінген дүйсенбіде таралған хабарламада.

Оқиға орнында департамент басшылығы жүр, ТЖД психологтары үй иесіне қажетті психологиялық көмек көрсетуде.

«Өрт 64 шаршы метр аумақта жойылды. Оқиғаның себебі анықталуда. Тілсіз жаумен күреске ТЖД жеке құрамынан 24 адам мен 6 техника, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы құрылымы жұмылдырылды. ТЖМ азаматтарды пешті пайдалану, электр және газ жабдықтарын қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға тағы да шақырады», — деп көрсетілген хабарламада.

Тэгтер:

өрт ТЖД СҚО қаза